Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Российская газета» басылымында Астана мен Мәскеудің арасындағы қатынастар туралы мақаласын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мақалада мемлекет басшысы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың маңыздылығына тоқталып, «Мәңгілік достық – халқымыз үшін жол көрсеткіш» деп атады.
Президент атап өткендей, қазақ пен орыс халықтары ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуаныш пен қиындықты бірге бөлісіп, Еуразияның біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастырған.
«Біздің халқымызды ортақ дәстүрлі құндылықтар, заманауи өмірге ұқсас көзқарастар және бауырлас халықтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бірлескен жұмыс біріктіреді», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақалада Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресеймен достық қатынастарды дамытуға ерекше мән бергені, 1992 жылы жасалған «Мәңгілік достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім» екі ел арасындағы сенімді негіз қалағаны айтылған. Бұл келісімнің басты идеясы – «мәңгілік достық» қазіргі кезде де өзектілігін жоғалтпаған.
Президент стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың екі елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалап, өткен жылғы мемлекеттік сапардың тарихи маңызын атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастық та ерекше назарда: екі елдің тауар айналымы 30 млрд долларға жақындап, инвестициялық байланыстар белсенді дамып келеді. 170-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылып, Қазақстанда Ресей капиталы бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Энергетика, атом электр станциясын салу, көлік-логистика салалары да маңызды.
Мақалада мәдениет, білім, ғылым және гуманитарлық саладағы байланыстарға ерекше көңіл бөлінген. Қазақстанда тоғыз ресейлік университеттің филиалы жұмыс істейді, МГИМО филиалы ашылған, Омскідегі ҚазҰУ филиалы Ресейде білім берудің үлгісі болып отыр. Сондай-ақ, «Аллея Мәңгілік достығы» және «Қазақстан-Ресей достығы сквері» сияқты жобалар халықтар арасындағы байланыстарды нығайтады.
11-12 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барады.
Сапар барысында Владимир Путинмен келіссөздер жүргізіліп, XXI Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумында сөз сөйлейді. Сонымен қатар бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.