Каспийдің қайтуын тағы да Әзербайжанның айтуына тура келді

273
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3B7hiN3qfJOMidYfQdC6KgkfO2q7caB345jT6V3O.webp

Фото: Report 

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі бүкіл аймақ үшін экологиялық, экономикалық және әлеуметтік сын-қатерге айналып отыр. Бұл туралы Әзербайжан президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар Бабаев БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Антальяда өткен Каспий теңізіне арналған жоғары деңгейдегі жиында мәлімдеді, деп жазады “Адырна”.

Әзербайжан павильонында өткен талқылау барысында 2025 жылы Каспий теңізінің су деңгейі 14 сантиметрге төмендегені айтылды. Соның салдарынан Әзербайжан секторындағы 30 мың гектар аумақ судан босаған.

Мұхтар Бабаевтың айтуынша, аймақта ауа температурасы мен жауын-шашын көрсеткіштері де айтарлықтай өзгерген. 2025 жылы бақылау жүргізілген аумақта жауын-шашынның жылдық мөлшері 198,3 миллиметрге жеткен. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Соған қарамастан, Каспийдегі су деңгейі төмендеуін жалғастырған.

«Бұл өзгерістер инфрақұрылым мен экономикалық қызметке жаңа қиындықтар туғызып отыр. Порттар мен кеме қатынасына жұмсалатын шығын артып, балық шаруашылығы, балықтардың көші-қон жолдары мен биоалуантүрлілікке төнетін қауіп күшейіп келеді. Бұл – бүкіл аймағымыз үшін экологиялық, экономикалық және әлеуметтік сын-қатер», – деді ол.

Бабаев Түрікменбашы қаласында өткен алғашқы Каспий экологиялық саммитін де еске салды. Оның айтуынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев аталған саммитте Каспий теңізі деңгейінің жылдам төмендеуі апатты салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен.

Осыған байланысты Мұхтар Бабаев халықаралық қауымдастықты мәселені БҰҰ алаңдарында, климаттық және экологиялық форумдарда белсенді көтеруге шақырды. Сондай-ақ ол Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің бірлесіп әрекет етіп, залал қайтымсыз сипатқа ие болмай тұрып нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет екенін атап өтті.

Жиынға қатысушылар су деңгейінің төмендеуіне байланысты Каспий маңы мемлекеттері бірлескен ғылыми зерттеулер мен деректер алмасу бастамаларын күшейткенін жеткізді.

Айта кетейік, іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсен қатысты.

Пікірлер