Петропавлдағы «Сұлтан» макарон фабрикасында 35 жастағы жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна”.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қамыр илейтін аппаратты тазалау кезінде құрылғының ішіне тартылып кеткен.
Қайғылы оқиға 12 қазан күні түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Кәсіпорынның өндірістік желісі аппаратты қамыр қалдықтарынан тазарту үшін тоқтатылған. Алайда жұмысшы жабдықтың ішкі бөлігін тазалап жатқанда, оның қалақтары мен біліктері іске қосылып кеткен. Салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жазатайым оқиғаның себептерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды.
Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес еңбек инспекциясы мен кәсіпорын басшылығына анықталған мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс енгізген.
