Алматыда ЖИ дәуіріндегі болашақ туралы ауқымды халықаралық диалог өтеді

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kL9oOQLLDSQ0mhduvXolnZPUIVAqfv4QNrrF954F.jpg

15 қазанда Алматыда өтетін BE WOMAN ASIA 2026 форумы 25 елдің ғылым, кәсіп, технология және мәдениет салаларындағы көшбасшыларының басын қосып, жасанды интеллект дәуіріндегі болашақ пен даму бағыттарын талқылайды.

Алғашқы графикалық интернет браузерлерін жасаушылардың бірін, Facebook Live негізін қалаушысын, «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегерін және ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйелді ортақ бір идея мен жаһандық диалог алаңы тоғыстырады.

Биылғы форум тақырыбы – «Этика күші». Технология алға қарыштап, жасанды интеллект өміріміздегі маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей ықпал ете бастады. Осы орайда басты сұрақ туындайды: қабылданған шешім мен оның салдары үшін жауапкершілік кімге жүктеледі?

Бұл сұраққа теория жүзінде ғана ой толғайтындар емес, технологияларды өз қолымен жасаған, халықаралық компаниялардың негізін қалаған, жаңа индустриялар қалыптастырып, қоғам нормалары мен жүйелі өзгерістерге ықпал еткен тәжірибелі халықаралық сарапшылар пікір білдіреді.

BE WOMAN ASIA 2026 форумының халықаралық спикерлері:

Рэнди Цукерберг – Facebook Live жобасын жасаушылардың бірі әрі Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы;

Пин Фу – Mosaic браузерін әзірлеуге қатысқан кәсіпкер әрі технология саласының көшбасшысы;

Шармин Обейд-Чиной – режиссер, «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері;

Джо Мэлоун CBE – британдық парфюмер, Jo Loves брендінің негізін қалаушы;

Тити Акинсанми – жасанды интеллект саласындағы саясат пен реттеу мәселелері бойынша халықаралық сарапшы;

Аюми Мур Аоки – Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушы;

Кьяра Корацца – G20 EMPOWER бастамасының Франция өкілі.

Олардың тәжірибесі – заманауи интернеттің пайда болуынан бастап жасанды интеллект дәуіріне дейінгі бірнеше онжылдықты қамтитын әлемдегі өзгерістер тарихымен тығыз байланысты.

BE WOMAN ASIA форумында Орта Азияның болашағын нақты жобалары, инновация шешімдері мен жетістіктері арқылы қалыптастырып отырған өңір көшбасшылары таныстырмақ:

Данна Карагусова – ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйел.

Диляра Қайдарова – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, онкология саласының сарапшысы.

Ләззат Қалтаева – мүгедектігі бар адам құқықтарын қорғау мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп жүрген қоғам қайраткері.

Абзал Исабеков – Ferragamo сән үйінің аға дизайнері.

Әсел Амангелді – Гарвард университеті түлегі, білім беру саласындағы EdTech платформасының негізін қалаушы.

Спикерлер қатарында Өзбекстаннан Шохида Ибрагимова, Тәжікстаннан Нафиса Имранова және Қырғызстаннан Эрке Жұмақматова бар.

BE WOMAN ASIA форумы бұған дейін әртүрлі платформаларда жеке талқыланып келген технология, кәсіп, адам құқықтары, мәдениет, білім және әлеуметтік өзгерістер мәселелерін біртұтас диалогқа тоғыстырады. Бұл салалар бүгінде бір-бірімен тығыз астасып жатыр, сондықтан олардың бірінде қабылданған шешім қалғандарына да тікелей ықпал етеді.



«BE WOMAN ASIA – Орта Азия жаһандық процестердің бақылаушысы ғана емес, оның белсенді қатысушысы екенін дәлелдейтін алаң. Күш жасанды интеллект дәуірінде ықпалмен емес, жауапкершілікпен өлшенеді. Біздің форум дәл осы туралы», – дейді BE WOMAN ASIA негізін қалаушы Жанна Кан.

15 қазанда BE WOMAN ASIA 2026 форумының негізгі бағдарламасы Республика сарайында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, офлайн форматта 3 000-нан астам қатысушы бас қосады. 16 қазанда бағдарлама уоркшоп, менторлармен кездесу және дөңгелек үстел форматында жалғасады.

Форумның негізгі бағыттары – жасанды интеллект, көшбасшылық, білім беру, денсаулық, кәсіпкерлік, мәдениет және инклюзия. Форумға 25 елден келген халықаралық сарапшылар қатысады.

BE WOMAN ASIA – кәсіп, мемлекеттік басқару, ғылым, мәдениет және қоғам бастамалары салаларындағы көшбасшыларды біріктіретін халықаралық платформа.

2024 жылы іске қосылғаннан бері BE WOMAN ASIA жобалары онлайн және офлайн форматтарда 15 000-ға жуық қатысушының, 230-дан астам халықаралық спикер мен ментордың, сондай-ақ бизнес қауымдастығының 320 көшбасшысының басын қосты.

Әр жылдары форумға UNESCO, UNICEF, UN Women, Дүниежүзі банкі, ЕҚЫҰ, Harvard және Duke University секілді халықаралық ұйымдар мен академиялық қауымдастықтар өкілдері қатысты.

2025 жылы CNN International BE WOMAN ASIA форумының жаһандық медиасеріктесі болды. Ал форумның ақпараттық науқаны аясында 850 миллионнан астам цифрлық көрсетілім тіркелді.

BE WOMAN ASIA іс-шаралары Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда өтті. Платформаның басты форумы жыл сайын Алматы қаласында ұйымдастырылады.

Биыл BE WOMAN ASIA төрт әлеуметтік бастаманы қатар дамытып келеді:

- AMAN BOL – Women in Tech Kazakhstan ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылатын әйелдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоба.

- BE WOMAN × HR Capital – әйел кәсіпкерлерді қолдауға арналған білім беру гранттары. Бағдарламаның алғашқы легіне 18 қатысушы қосылды.

- Hidden Shero – қоғам дамуына үлес қосқан әйелдер тарихын жинауға арналған халықаралық жоба.

- Female Founders – стартап негізін қалаушы әйелдерге арналған қолдау бағдарламасы. Оның аясында 20 жоба инвесторлар алдында өтетін питч-сессияға қатысады.

Пікірлер