Хазар мазарға айналды. Жоғалған 2 сарбаздың денесі табылып, қаза саны 14-ке жетті

614
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LQIY2Yrr9f8NosUmv02MuJLn6QCHVNqfEMjTjhqx.jpg

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінің акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды "Адырна".

Министрліктің мәліметінше, 25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында іздеу жұмыстары барысында бұған дейін хабарсыз кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылған. Олар – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлы.

Қайғылы жағдай оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен болған. Соның салдарынан 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен.

Оқиға кезінде үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы, сондай-ақ жеке құрамы қаза болған әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Министрлік мәліметінше, марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Оның ішінде материалдық және психологиялық қолдау ұйымдастырылмақ.

Бұдан алдын хабарланғандай Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен. Әуелде ағып кеткен сарбаздардың саны 19 адам деп жарияланғанымен, соңынан 17 адам жайлы айтылды. Үш әскери қызметкер құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. 

Іздестіру-құтқару операциясына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, авиация және өзге де тиісті қызметтер жұмылдырылған.

Оқиға орнында премтер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты марқұмдарына жанұясына көңіл айтып, 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза күні ретінде жариялады.  

Каспийдегі оқу-жаттығу "Хазар қорғаны - 2026" деген атпен өткізілген. Жаттығу Қорғаныс министрлігінің оқу-жаттығудың стратегиялық командалық-штабтық бірыңғай жоспар аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторында өткен. Оған Қазақстан қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен. Оқу-жаттығуға әскери-теңіз күштері мен оларға бағынысты бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары мен жағалау бөлімшелері қатысқан. Машықтануға ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті мен әуе қорғанысы күштерінің күштері мен құралдары тартылған.

Пікірлер