Тегеран университетінің профессоры, Әзербайжанға қатысты біржақты ұстанымымен танылған Ахмад Каземи «Иран дипломатиясы» сайтына жариялаған мақаласында Әзербайжанда және түркі әлемінде кеңінен қолданылатын Каспий теңізінің тарихи атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ол Иранның ресми және ғылыми мәтіндерінде «Хазар» атауын қолдануды тоқтатып, теңізді өзге тарихи атаулармен атауды ұсынды.
Каземидің айтуынша, Каспий теңізі тарихта әртүрлі атаулармен белгілі болған. Ол «Каспий», «Верхана», «Гиркан» және «Табаристан» секілді атауларды атап, «Хазар» атауының қолданылуын тарихи тұрғыдан даулы мәселе ретінде көрсетеді.
Сондай-ақ сарапшы мақаласында «Хазар» атауының мұсылман араб авторларының еңбектері арқылы кең тарағанын айтып, оны тарихи тұрғыдан «қате» деп бағалайды. Оның пікірінше, Иранның ресми құжаттарында теңіздің басқа тарихи атауларын қолдану қажет.
Мақаладағы назар аударарлық жайттардың бірі – автордың мәселені саясатпен байланыстыруы. Атап айтқанда, Каземи «Хазар» атауын Әзербайжан және Түркиямен байланыстырып, оның қолданылуын «пантұраншылдық» деп сипаттайтын идеологиялық үдерістермен байланыстырады. Автор мұны Иранның аймақтағы мүдделеріне қауіп төндіретін фактор ретінде көрсетеді.
Мақаланың соңында автор Каспий теңізінің атауы Иранның аумақтық және құқықтық мүдделерімен байланысты екенін айтып, билікті «Хазар» терминінен бас тартуға шақырады.
«Шындық мынада: ирандықтар мен аймақ халықтары үшін Иранға тиесілі емес “Хазар” терминінен бас тартатын уақыт келді. Тиісті органдардың бұл мәселені шешуді созуы тарих пен халық алдында жауаптылардың беделіне нұқсан келтіреді», – деп жазады ол.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Әзербайжанның марқұм президенті Гейдар Әлиев те Иранға жасаған ресми сапарларының бірінде Каспий теңізін сол кездегі Иран президенті Мұхаммед Хатамидің «Мазандаран көлі» деп атауына қарсылық білдірген еді.
Әлиев мұндай атаудың әлем картасында жоқ екенін айтып, теңіздің ежелден Хазар теңізі деп аталғанын, ал халықаралық деңгейде Каспий теңізі ретінде танылғанын мәлімдеген болатын.
