Президент ғимараттардың қабырғасына граффити салатындарды жазалауды тапсырды

108
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cejZ7xm2VXDrZJHOs0ers32nr9855YqysnhKP8W7.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғаларына рұқсатсыз граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан қалаларында қоғамдық орындар мен ғимараттарды бүлдіруге жол бермеу керегін айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекет вандализм мен бұзақылықтың көрінісі саналады.

Президент граффити салуға толық тыйым салуға бағытталған заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы құрылыс сапасы жоғары болуы керегін жеткізді.

«Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын арттырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Президент Астананың Қазақстанның айнасы әрі елдің басты қаласы екенін айтты.

«Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер