Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызына тоқталып, оның тұтас қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, «Халықтық құрылыс» еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ. Бастама азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал етуі тиіс.
«Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек.
Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс.
«Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, елімізді нағыз өрлеу мен өркендеу жолына бастайды.
Осыған орай, алдағы үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы жобаның жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның игілігін бүкіл халық, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңарту көзделген.
Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтермек.
