Көшпенділер ойындарының жеңімпазы кім? Қырғызстан түсіндірме берді

360
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/38ykrcC8e6iytIxxiARJ51wMFW9jcaWfD3Qh8two.webp

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы төңірегіндегі пікірталастардан кейін Қырғызстан тарапы жарыстарда ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді. Бұған дейін Қазақстан мен ұйымдастырушылар жеңіп алынған жүлделер саны бойынша әртүрлі мәлімет ұсынған болатын, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Түсіндірмені Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі  Instagram желісінде жариялады.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді. Ойындардың басты мақсаты – мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелесуі емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде бірігуі және этноспортты дамыту», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың бірінші орын алғанын жазған еді. Министрлік дерегінше, қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.

Ведомство барлық спорт түрі бойынша нәтижелер қайта тексерілгенін атап өтті. Қорытынды тексеруден кейін де Қазақстан құрамасының алтын медаль саны өзгермей, 32 болып қалды.

Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушылары қорытынды кестенің басқа нұсқасын жариялаған. Онда 30 алтын медаль еншілеген Қырғызстан бірінші орында көрсетілген. Қазақстан 29 алтын медальмен екінші орынға жайғасса, үшінші орын жеті алтын медаль жеңіп алған Ресей құрамасына берілген.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылдың 31 тамызы бен 6 қыркүйегі аралығында өткен болатын. Жарыстарға үш мыңға жуық спортшы қатысқан. Бағдарламаға ұлттық жекпе-жек, ат спорты сайыстары, зияткерлік ойындар және өзге де дәстүрлі спорт түрлері енгізілген.

Пікірлер