АҚШ-та жолаушылар ұшағы қону кезінде дронмен соқтығысты

60
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rcq2GKX8W0oscPiXaV0AhVJ8rDZd3GBeBwRik6G0.webp

Фото: John McArthur / Unsplash

АҚШ-та JetBlue әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы қонуға бет алған кезде дронмен соқтығысты. Ұшақ Лас-Вегастан Нью-Йоркке бағыт алған болатын.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:15 шамасында, әуе кемесі шамамен 900 метр биіктікте ұшып келе жатқан кезде болған. Экипаж әуе қозғалысын басқару қызметіне дронның ұшқыштар кабинасының үстіңгі бөлігіне тигенін хабарлаған.

Соған қарамастан ұшқыштар төтенше жағдай жарияламай, рейсті штаттық режимде жалғастырды. Ұшақ Нью-Йорктегі Джон Кеннеди халықаралық әуежайына аман-есен қонып, жолаушылар қауіпсіз түрде түсірілді.

Қонғаннан кейін әуе кемесі толық техникалық тексеруден өтті. Алайда мамандар ұшақтың сыртқы бөлігінен ешқандай зақым немесе дронмен соқтығысқанын растайтын іздерді анықтамаған.

Оқиғаға байланысты тергеуді АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) бастады. Ведомствоның мәліметінше, елдегі әуежайлар маңында дрондардың заңсыз ұшуына қатысты ай сайын жүзден астам хабарлама тіркеледі.

FAA мұндай әрекеттер азаматтық авиация қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретінін атап өтті. Заңсыз дрон ұшырған тұлғаларға ірі көлемде айыппұл салынып, кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Пікірлер