Болашақта қандай ел боламыз деген сұрақтың жауабы жаңа Ата Заңнан табылады – Мемлекеттік кеңесші

98
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6IJliyhMZt1qmwA1U3tlzmvX2A8GKnb1aJreN0lo.jpg

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енетінін айтып, бұл оқиғаны Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы деп бағалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Жас Алашқа сілтеп.

Жаңа редакциядағы Ата заң елдегі саяси институттарды жаңғыртуға, құқықтық жүйені жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік басқарудың жаңа тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылып, бірқатар конституциялық нормалар қолданысқа енгізіледі.

Құжатта мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға басымдық берілген. Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзіміне қатысты жаңа талаптар енгізіліп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің жалғыз тетігі ретінде жалпыхалықтық референдум қағидаты бекітілген.

Ерлан Қарин жаңа Конституция ұлттық бірегейлікті нығайтуға да ерекше мән беретінін атап өтті. Оның сөзінше, алғаш рет Ата заңның преамбуласында тарихи тамыр мен Ұлы Даланың мұрасы көрініс тауып, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, төл мәдениетті қолдау, дәстүрлі отбасы институтын қорғау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету секілді нормалар бекітілген.

Мемлекеттік кеңесші құжатта ғылым, білім, инновация және адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалғанын, сондай-ақ цифрлық деректерді қорғау мен зайырлы мемлекет қағидаттарының да күшейтілгенін айтты.

Оның пікірінше, Конституциядағы өзгерістердің маңыздылығы тек жаңа институттардың құрылуымен немесе саяси реформалармен шектелмейді. Ең бастысы – қоғамдық сананың жаңғыруына, заң мен тәртіп қағидаттарының орнығуына және жауапты азаматтық ұстанымдардың қалыптасуына ықпал етуінде.

Ерлан Қаринн жаңа Ата заң құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар мемлекеттің құндылықтар жүйесін, даму бағыты мен ұлттық басымдықтарын айқындайтын негізгі құжат ретінде қызмет ететінін атап өтті.

Пікірлер