Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың қала тұрғындарымен интерактивті форматта кездесуі өтті.
Шараға жиналған қауым арасында мемлекет қайраткерлері, депутаттар, Конституциялық комиссия мүшелері, шығармашылық және жұмысшы мамандықтардың өкілдері, сондай-ақ жастар ұйымдарының жетекшілері болды. Кездесуге қатысушылар елдегі конституциялық дамудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Талқылау барысында Арман Қырықбаев Жаңа Конституция жобасында үш маңызды қағидаттың ескерілгенін ерекше атап өтті: ұлттық мүдде мен адам қажеттілігіне бағдарлану және цифрландыру.
Сонымен қатар, Президент көмекшісі қолданыстағы Конституция мен референдумға шығарылған жоба арасындағы сабақтастыққа да тоқталды.
«1995 жылғы Конституция – тәуелсіздігін енді ғана жариялаған жас мемлекеттің Ата Заңы. Ал Жаңа Конституция соңғы 35 жыл ішінде жауапты, бейбітсүйгіш әрі қуатты «орта держава» ретінде аяққа нық тұрған заманауи Қазақстанның басты құқықтық құжатына және стратегиялық бағдарына айналады», – деді Арман Қырықбаев.
Бұл пікірді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова да қолдады: «Бүгінгі күнді тәуелсіздігімізді алған 35 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыратын болсақ, біз мүлде басқа мемлекетке айналғанымызды көреміз. Мұны Конституциядағы тұжырымдардың өзінен-ақ байқауға болады».
Арман Қырықбаевтың айтуынша, конституциялық реформа тек құқықтық нормаларды жаңартумен шектелмейді, оның мәні әлдеқайда терең. Бұл реформа Қазақстанда қоғамдық азаматтық институттың қалыптасуына негіз болады.
«Жаңа Конституция – бұл билік те, азаматтар да жауапкершілік арқалайтын мемлекеттің жаңа моделіне көшуді білдіреді», – деді ол.
Президент көмекшісінің пікірінше, жауапкершілік тек билікке жүктелетін болса, мемлекет тиімді дами алмайды. Жаңа конституциялық модельде мемлекет азаматтардың құқықтарын кепілдендіріп, заң үстемдігі мен әділеттілікті қамтамасыз етеді. Ал халық өз кезегінде белсенді азаматтық ұстаным танытып, қоғамдық өмірге қатысып, елдің болашағы үшін жауапкершілік алады.
«Билік пен қоғам арасындағы дәл осындай өзара іс-қимыл моделі арқылы ғана “Әділетті Қазақстан” идеясының өзегі болып табылатын негізгі құндылықтарды жүзеге асыруға болады. Бұл құндылықтар – қоғамдық құрылымның іргетасы болып табылатын заң үстемдігі, жауапкершілік және азаматтық ұстаным», – деп түйіндеді Қырықбаев.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да сөз сөйлеп, елде Жаңа Конституция жобасы бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біз шынымен де үлкен тарихи бетбұрыс кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жауапкершілік әр ұрпақтың маңдайына жазыла бермейді. Менің пікірімше, бұл – біздің буынға жүктелген жауапкершілік пен үлкен құрмет. Түптеп келгенде біздің басты міндетіміз – егемен елдің еркін азаматтарының лайықты өмірін қамтамасыз ету. Қазақстан ешкіммен соғыспайды, қақтығыстарға бармайды. Біз үшін ең бастысы – ел бірлігі», – деді спикер.
Мәжіліс депутаты Б.Базарбек өз сөзін желіде тараған «Президент билігі күшейтіледі-міс» деген пікірге жауап беруге арнады.
«Президенттің жеті жылдық өкілеттік мерзімі және қайта сайлану мүмкіндігінің болмауы – басқа елдерде әлі кеңінен қолданылмаған жаңашылдық. Қазіргі таңда мұндай норма тек біздің елде ғана бар. Негізінде бұл биліктің бір қолға шамадан тыс шоғырлануына және оны заңсыз иелену қаупіне қарсы өте пәрменді тетік», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін журналист Е.Көпжасар, ақын М.Жұмабай және сараптамалық-талдау қауымдастығының өзге де өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары да ортаға салып, конституциялық реформаны қолдайтындарын жеткізді.
Назарбаевтың статусы жайлы норманы алып тастау — конституцияны реформалау немесе “Екінші республиканы” құру емес - Шалқар Нұрсейіт
