АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасын ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Құжат 14 негізгі тармақтан тұрады. Онда тараптар арасындағы әскери, саяси және экономикалық мәселелер қамтылған.
Жобаға сәйкес, АҚШ, Иран және олардың қазіргі қақтығыстағы одақтастары барлық әскери іс-қимылдарды, Ливан аумағындағы операцияларды дереу тоқтатуға және бір-біріне қарсы күш қолданудан бас тартуға міндеттенеді. Сондай-ақ тараптар өзара егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеп, ішкі істерге араласпауға келіспек.
Құжатта 60 күн ішінде түпкілікті келісім әзірлеу, АҚШ-тың Иранға қатысты әскери-теңіз блокадасын кезең-кезеңімен алып тастауы және өңірдегі күштерін қысқарту көзделген. Өз кезегінде Иран Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі коммерциялық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеме алады.
Меморандум жобасында АҚШ-тың аймақтық серіктестерімен бірлесіп Иранды қалпына келтіру мен экономикалық дамытуға бағытталған кемінде 300 миллиард долларлық жоспар әзірлеу ниеті де көрсетілген. Бұдан бөлек, Иранға қарсы енгізілген халықаралық және америкалық санкцияларды алып тастау мәселесі қарастырылған.
Ядролық бағдарламаға қатысты бөлімде Иран ядролық қару жасамайтынын және иеленбейтінін растайды. Ал тараптар байытылған ядролық материалдарды бақылау мен сақтау тетіктерін келіссөздер барысында айқындауға уағдаласқан.
Сондай-ақ құжатта Иранның мұздатылған қаржылық активтеріне қол жеткізу, мұнай экспортына қойылған шектеулерді жеңілдету, келісімнің орындалуын бақылайтын арнайы тетік құру және түпкілікті құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен бекіту мәселелері қамтылған.
