Махаббат пен тағдыр тоғысқан туынды: Алматыда "Сізді сүйем" драмасының премьерасы өтті

592
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GOJdELg4HpCRQXl2IUn8BB34uc2kJbYZP4MQwjs8.jpg

Фото: Өмірбек Амреев

13 маусым күні Алматыдағы Almaty Theatre сахнасында тәуелсіз театр кеңістігіндегі жаңа туынды – «Сізді сүйем...» музыкалық драмасының тұсаукесері өтті. Қойылым көрерменге махаббаттың күрделі табиғатын, адам жанының ішкі арпалысын және тағдырлы таңдаулардың салдарын әсерлі түрде жеткізді.

Спектакль оқиғасы Перизат, Бақытжан, Сара, Әсет және Қайраттың тағдырлары арқылы өрбіді. Кейіпкерлер арасындағы күрделі қарым-қатынастар шынайы сезім мен жасанды байланыс, тәуелділік пен еркіндік, жалғыздық пен үміт секілді өмірлік қайшылықтарды ашып көрсетті. Әр кейіпкер өз шешімінің алдында тұрып, оның ауыр да маңызды салдарын бастан өткереді.

Қойылымның басты ерекшеліктерінің бірі – махаббат тақырыбын ғана емес, Алматының рухани әлемін де терең бейнелеуі болды. Музыкалық драмада қала жай ғана оқиға өтетін орын ретінде емес, өзіндік мінезі мен болмысы бар көркем образ ретінде көрініс тапты. Алматының мәдени жады, шығармашылық рухы мен тарихи келбеті спектакльдің идеялық өзегіне айналды.

Пьеса авторы Қолғанат Мұраттың айтуынша, туындының негізгі мақсаты – адам жанының терең иірімдерін, махаббат пен жауапкершіліктің арақатынасын сахна тілі арқылы көрсету болған.

– Бұл шығармада біз тек екі адамның арасындағы сезімді емес, адамның өз-өзімен күресін, жүрек пен сананың тартысын көрсетуге тырыстық. Сонымен қатар Алматының ерекше рухын, оның мәдени болмысы мен адамдар тағдырындағы орнын көркем түрде бейнелеуді мақсат еттік, – деді автор.

Спектакльдің көркемдік шешімінде қала символдары ерекше орын алдаы. Алманың бейнесі, гүлдеген алма бақтарының хош иісі мен Алматыға тән ерекше атмосфера сахналық тіл арқылы әсерлі жеткізіледі. Оқиғалар шаһардың тарихи және мәдени маңызы зор орындарында өрбіп, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты терең сезіндіре алады.

Әуезді әндермен әрленген қойылым адам жүрегіндегі алапат сезімдерді, жауапкершілік пен таңдау мәселесін, арман мен шындық арасындағы тартысты шебер суреттейді. Музыкалық драма көрерменді кейіпкерлердің жан дүниесіне жетелеп, өмірдің ең нәзік психологиялық қырларын ашуға ұмтылған.

Шығармашылық топ құрамында қазақстандық театр өнерінің белгілі өкілдері еңбек етті. Пьеса авторы Қолғанат Мұрат болса, музыкалық сүйемелдеуді композитор Әсел Омарова жазды. Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева сахналады. Жобаның продюсері әрі басты рөлдердің бірін сомдаған актриса Индира Құлмағамбетова болды.

Индира Құлмағамбетованың айтуынша, бұл жоба шығармашылық ұжым үшін ерекше маңызға ие болған.

"Әр өнер адамы өз еңбегін өмірінде із қалдырған, рухани тұрғыдан жақын тұлғаға арнағысы келеді. Сондықтан бұл қойылымды қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, ұстазымыз Есмұхан Обаевтың рухына арнауды жөн көрдік. Бұл – біздің құрметіміз бен алғысымыздың белгісі", – деді актриса.

Қойылымда сондай-ақ Қасым Демеу, Қуаныш Қонысбеков, Айгерім Қайратқызы және Елшат Мәметеков өнер көрсетті.

Музыка, драма және Алматының ерекше рухы тоғысқан «Сізді сүйем...» музыкалық драмасы көрерменге терең әсер қалдырып, адам жанының күрделі әлемі мен махаббаттың сан қырлы табиғатын жаңа қырынан танытқан сахналық туынды ретінде бағалануда.

Пікірлер