Адам туралы спектакль...

63
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KgWU9RLnLppCgpRAEHqFYMeK9YRVvsv0YVen9FSk.jpg

Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының осы шығарма негізінде сахналаған «Қош бол, Гүлсары» спектаклі – көрерменді өткен өмірге ғана емес, адамның бүгінгі болмысына да үңілдіретін мазмұнды қойылым.

Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы – адам мен қоғам, табиғат пен тіршілік, уақыт пен тағдыр арасындағы күрделі байланысты терең зерттейтін көркем әлем. Оның «Қош бол, Гүлсары!» повесі де осы мәселелерді адам тағдыры арқылы зерделейтін философиялық туынды. 

«Қош бол, Гүлсары» спектаклі көрерменді өткен өмірге ғана емес, адамның бүгінгі болмысына да үңілдіретін мазмұнды қойылым екенін дәлелдеді.  

Спектакльдің режиссері – Ералхан Мырзахмет. Қойылымның негізгі арқауы – Танабайдың (Есқара Қазыбек)  өмір жолы мен оның жан серігіне айналған Гүлсары  (Аймахан Ермахан) атты тұлпардың тағдыры.  Қойылымның ең басты философиялық қабаты – уақыт мәселесі. Танабайдың өмірі мен Гүлсарының ғұмыры қатар өріледі. Бір қарағанда, спектакль жылқы тағдыры туралы сияқты көрінгенімен, Гүлсары –  Ермахан адамның өз өміріне қарауына мүмкіндік беретін көркемдік символ.

Гүлсарының күші, жүйріктігі мен кейінгі әлсіреуі Танабайдың өмір жолымен үндеседі. Тұлпардың тағдыры арқылы адамның да уақыт алдында дәрменсіз екені сезіледі. Кеше ғана күш-қуаты тасып тұрған адам бір күні өткеніне көз жүгіртіп, өзінің өмір жолын таразылайды. Сол себепті,  «Қош бол, Гүлсары»  тек қоштасу туралы спектакль емес. Бұл – адамның өзінің жастығымен, арманымен, сенімімен және өткен дәуірімен қоштасуы.

Танабай – спектакльдің негізгі драматургиялық тұлғасы. Есқара Қазыбек орындауындағы Танабай – қарапайым еңбек адамы. Бірақ оның қарапайым өмірінің астарында тұтас бір дәуірдің әлеуметтік шындығы жатыр. Танабайдың тағдыры арқылы жеке адамның қоғамдағы орны, әділет пен адалдық мәселесі көрінеді. Кейіпкердің ерекшелігі – оның мінсіз адам еместігінде. Ол сенеді, қуанады, қателеседі, үміттенеді, қарсылық білдіреді, өкінеді.  Осы қасиеттер Танабай-Қазыбек бейнесін өмірге жақындатады. Танабайдың Гүлсарыға деген қарым-қатынасы оның ішкі дүниесін ашатын маңызды көркемдік құрал. Қазыбек-Танабай  тұлпарды жай ғана көлік немесе жануар  ретінде емес, өз тағдырымен үндес жан  серік ретінде қабылдайды. Бұл адам мен жануар арасындағы ерекше байланысты аңғартады. 

Спектакльдегі ең маңызды көркемдік образ – Гүлсары.

Ермахан-Гүлсары – еркіндіктің, жастықтың, арманның, табиғи болмыстың символы. Тұлпардың тағдыры адамның тағдырымен астасады. Гүлсарының еркіндігіне жасалған шектеу – адамның да еркіндігіне жасалған шектеуді меңзейді. Осы тұрғыдан алғанда, Гүлсары мен Танабайдың байланысы – спектакльдің эмоциялық өзегі болып табылады.  Аймахан Ермахан-Гүлсары-көрерменге тек қана жылқы я болмаса адамның серігі ғана емес, психолог яғни, адам жанның дәрігеріндей болып көрінді. Ермахан-Гүлсары Танабайға жаны ашиды. Оның ішкі жан-дүниесін түсінеді. Тек иесінің қуанған сезімін, мұңайған сәтін,ғашық болып қалған кезін ғана емес, өзге жандардың Танабайға деген арам пиғылын да, байқап қояды. Актер Аймахан Ермахан актерлік ойыны арқылы осыны ұғындырады. 

Танабай – өз дәуірінің адамы. Ол қоғамға, еңбекке, белгілі бір идеалдарға сеніп өмір сүреді. Бірақ уақыт өте келе оның сенімі мен өмір шындығы арасында қайшылық пайда болады. Бұл қайшылық спектакльдегі драматизмді күшейтеді. Есқара Қазыбек бейнелеуінде адам өз сеніміне адал болғысы келеді. Бірақ қоғамдағы өзгерістер, билік пен адамдар арасындағы қарым-қатынас оның өміріне әсер етеді. Сол арқылы Танабай күйінеді, ашынады. 

Ералхан  Мырзахметтің режиссерлік шешіміндегі негізгі ерекшелік – Айтматовтың философиялық прозасын сахналық әрекетке айналдыруға ұмтылыс. Мұндай шығарманы сахнаға шығарудың өзіндік қиындығы бар. Себебі түпнұсқада кейіпкердің ішкі ойы, естелігі, табиғат суреттері, уақыт ауысуы кең көлемде баяндалады. Ал театр сахнасында бұл дүниелерді актер ойыны, пластика, музыка, жарық, дыбыс және сахналық кеңістік арқылы жеткізу қажет. Сондықтан қойылымның көркемдік жүйесінде сыртқы әрекеттен гөрі ішкі драматизм маңызды орын алады. Көрермен кейіпкерлердің сөзінен ғана емес, олардың үнсіздігінен, қимылынан, сахналық қарым-қатынасынан да мағына іздейді.

Зәмзат Ақниет сомдайтын Танабайдың жары – Жайдар бейнесі сырттай қарағанда қарапайым әйел тағдырындай көрінгенімен, спектакльдің адамгершілік және психологиялық мазмұнын тереңдететін маңызды образдардың бірі. Жайдар – Танабайдың өміріндегі жай ғана жар емес. Ол – оның тұрмысындағы тұрақтылықтың, отбасының ұйытқысының, сабыр мен төзімнің символы. Танабайдың қоғамдық өмірдегі күресі, еңбек жолы, мінезінің қайшылығы мен ішкі толғаныстарының ар жағында Жайдар секілді отбасының тынысын сақтап отырған әйел тұр. Жайдар көп жағдайда сезімін сыртқа төгіп жібермейді. Оның эмоциясы айқаймен немесе үлкен қимылмен емес, көзқарасымен, дауыс ырғағымен, үнсіздігімен сезіледі. Бұл – қазақ әйеліне тән төзімділіктің сахналық көрінісі.

Әбдісадық Гүлдана сомдайтын Бүбіжан бейнесі – спектакльдегі нәзік те күрделі әйел образдарының бірі. Бүбіжанның сахнадағы қызметі тек Танабайдың оған ғашық болуымен шектелмейді. Бұл кейіпкер арқылы адамның жүрегіндегі күтпеген сезім, махаббат пен жауапкершілік, арман мен шынайы өмір арасындағы қайшылық көрініс табады. Бүбіжан – Танабайдың өміріне уақытша ғана енген әйел болғанымен, оның жан дүниесінде өшпес із қалдыратын бейне. Гүлдана-Бүбіжан-Танабайдың жоғалтып алған жастығын еске түсіреді. Танабай Бүбіжан арқылы өзінің өмірінде бұрынғыдай жүрекпен сезіне алатын кезеңнің бар екенін байқайды. 

Танабай мен Гүлсарының тағдыры арқылы спектакль уақыттың тоқтамайтынын, адамның өмір жолында арман мен өкініштің, қуаныш пен қайғының қатар жүретінін көрсетеді. Қойылымның басты жетістігі – Гүлсары тағдырын Танабай тағдырынан бөле-жара қарамай, екеуін біртұтас философиялық байланыс ретінде ұсынуында. Актерлер: Есқара Қазыбек, Аймахан Ермахан, Ақниет Зәмзат, Әбдісадық Гүлдана арасындағы «серіктестік қарым-қатынас» жақсы қамтылған. Спектакльдің көрерменге берері зор. 

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы

Пікірлер