Қазақстанда пара беру туралы уәде қылмыстық құқықбұзушылық деп танылды

170
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/d9eSdvp29tnK6uMBYW7Ia9aUgtUTBUcwzmyx7p9R.jpg

Қазақстанда пара беру туралы  уәде енді ресми түрде қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Бұл норма сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілген түзетулерде қарастырылған. Аталған заңға 12 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған, деп хабарлайды "Адырна"

Курсив.kz мәліметінше, құжат параны уәде ету, ұсыну және талап ету әрекеттерін қылмыстық жауапкершілікке жатқызады. Халықаралық тәжірибе мұндай нормалар жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырып, қылмыстың салдар келтірмей тұрып-ақ алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Жаңа ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Тұрмыстық жемқорлықпен күрес аясында ауруханалар, мектептер, университеттер, банктер және коммуналдық қызметтер қызметкерлерінің ірі көлемде заңсыз сыйақы алуы немесе бопсалау арқылы алынған қаражатқа қатысты жауапкершілік күшейтілді.

Сондай-ақ осындай ұйым қызметкерлеріне заңсыз сыйақы беру үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекске заңсыз сыйақы алуға итермелеу (провокация) үшін жаза қарастыратын норма енгізілді.

Tengrinews.kz хабарлауынша, жаңа заң аясында мүдделер қақтығысын алдын алу және реттеу тетігі енгізіліп, оны болдырмау шараларын орындамағаны үшін жауапкершілік белгіленеді.

Құжат мемлекеттік қызметтегі жақын туыстардың бірге жұмыс істеуіне қатысты шектеулерді де күшейтеді. Енді бұл шектеулер тікелей бағыныштылық жағдайларымен қатар, жанама ықпал, ішкі бақылау және кадрлық істерге қатысу жағдайларына да қолданылады. Бір ведомствода басшының жақын туыстарының (соның ішінде жиен, жезде, балдыз және басқа туыстар) бірге жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер жұмысқа орналасу кезінде жақын туыстары туралы мәліметтерді ашуға міндетті болады.

Соңында, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылды.

Пікірлер