Қазақстанда мектеп оқулықтарын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол қазіргі қолданыстағы оқулықтарға жүргізілген талдау нәтижесінде 700-ден астам әртүрлі ескерту мен қате анықталғанын мәлімдеді.
«Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар. Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр»,–деді министр.
Аида Балаева кейбір оқу басылымы 9 жылға дейін мазмұндық жағынан жаңартылмай пайдаланылып келгенін жеткізді. Айтуынша, осыған байланысты оқулықтарды уақтылы жаңарту білім сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде қарастырылып отыр.
«Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
Біздің басты мақсатымыз - Қазақстандағы әрбір мектепті заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да, жалпы қоғам да бізден осы жауапты жұмысты сапалы әрі жүйелі атқаруды күтеді»,–деді ол.
Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті
