Қазақстан TikTok-ты бұғаттай ма?

1498
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан TikTok-ты бұғаттай ма? Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Бұғатталғанда, біз көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзу фактілері өте көбейіп кетті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның бәрі ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етсе, әлбетте, осындай шараларды қабылдауға тура келеді. Бұл шешілген дүние емес. Әлі қарастырылып, одан кейін жалпы талқылауға шығарылатын мәселе», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.

Ал мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров TikTok-тағы заңға қайшы барлық контентті шектеу керегін айтты.

«Қазір адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мәселен, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа 14,1 млн азамат тіркелген. Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр. Шектеусіз таралымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етіп жатыр. Әсіресе, балалар арасында кең танымал TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді», - деді Е. Саиров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырап отыр.

«Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, озбырлық, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралып жатыр. Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Үндістан ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп, 2020 жылдан бастап Тик-Ток-қа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап Тик-Токқа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді. Ал АҚШ Үкіметі Tik-Tok-қа ішінара шектеу жасады. Еуропа Одағы елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына Tik-Tok орнатуға тыйым салды. Ал, Tik-Tok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелет жасына толмаған балаларға «арнайы бала – Tik-Tok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар тиктоктың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған», - деді депутат.

Оның айтуынша, аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі тиісті шараларды қолға алуы қажет.

«Біріншіден, жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес, TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контентке шектеу қою керек. Екіншіден, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау маңызды. Үшіншіден, Tik-Tok-ты кәмелет жасына толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана енгізу қажет», - деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда TikTok желісін қолдануға тыйым салынғанын хабарлаған едік. 

Пікірлер