Астанада Kazakh Spine Days 2026 халықаралық білім беру курсы басталды

90
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VKmwSJCBSdibAvVH2mIZB4UgjbAPtNoUM0M5JSGJ.jpg

2026 жылғы 16 мамырда Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы базасында Kazakh Spine Days 2026 халықаралық жұлын нейрохирургиясы бойынша білім беру курсы ашылды. Бұл — Орталық Азиядағы жұлын нейрохирургиясы саласындағы ең ірі кәсіби іс-шаралардың бірі.

Екі күн бойы Қазақстанның өңірлерінен және шетелден келген жетекші нейрохирургтер, омыртқа хирургиясының мамандары, зерттеушілер мен жас дәрігерлер омыртқа ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, жоғары технологиялық хирургиялық әдістерді енгізу және халықаралық кәсіби ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауда.

Алғашқы күні 100-ден астам қатысушы тіркелді. Олардың басым бөлігі Қазақстанның өңірлерінен келген мамандар болса, сондай-ақ іс-шараға Түркия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінен сарапшылар қатысуда.

Қатысушыларды ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов құттықтап, мұндай халықаралық білім беру алаңдарының отандық медицинасының дамуына   зор серпін беретінін атап өтті. Ол Астана қаласы мен Ұлттық нейрохирургия орталығының әлемдік деңгейдегі мамандарды қабылдауы — денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін жеткізді.

Қазақ нейрохирургтар ассоциациясының және Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, еліміздің бас штаттан тыс нейрохирургі, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақов жұлын нейрохирургиясын дамыту Қазақстан медицинасының стратегиялық бағыты екенін атап өтті.

Конференцияның негізгі халықаралық спикерлерінің бірі — профессор Mehmet Zileli (Нейрохирургиялық қоғамдардың дүниежүзілік федерациясы (WFNS) Жұлын нейрохирургиясы комитетінің негізін қалаушы және алғашқы төрағасы, WFNS-тің құрметті мүшесі). Ол «Бел ауырсыну көздерін диагностикалау» атты баяндамасында омыртқа патологияларын, әсіресе дегенеративті ауруларды анықтау және ауырсынудың нақты себебін табудың заманауи тәсілдеріне тоқталды.

Профессордың айтуынша, хирургиялық емнің сәтті нәтижесі тек операцияның техникалық сапасына ғана емес, сонымен қатар дұрыс диагноз қою мен науқасты операцияға дұрыс іріктеуге тікелей байланысты.

«Дұрыс алынған пациент — операцияның табысты нәтижесінің және қазіргі әлемдік нейрохирургиядағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі факторларының бірі», — деді профессор Mehmet Zileli.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы жұлын нейрохирургиясы деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, клиникалық тәсілдер, жабдықталу деңгейі және орындалатын операциялар әлемнің жетекші орталықтарымен толықтай сәйкес келеді.

Профессор Ұлттық нейрохирургия орталығы бүгінде халықаралық деңгейдегі оқу және тренинг базасы ретінде қалыптасқанын, мұнда жас мамандарды оқытуға және әлемдік қауіпсіздік стандарттарын енгізуге ерекше көңіл бөлінгенін айтты.

Ол курс аясында халықаралық сарапшылардың негізгі мақсаты — Қазақстанның өңірлерінен келген жас дәрігерлерді оқыту, тәжірибе алмасу және жұлын нейрохирургиясы бойынша практикалық дағдыларды дамыту екенін де атап өтті.

Омыртқа хирургиясы саласындағы мамандарды біріктіретін International Spine Society (ISS) халықаралық қоғамының президенті - Yahya Güvenç өз сөзінде халықаралық тәжірибе алмасу мен білім беру бастамаларының жұлын нейрохирургиясының дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

Курс аясында Hands-on Workshop on Models форматындағы практикалық сабақтарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар анатомиялық үлгілер мен симуляциялық модельдерде хирургиялық дағдыларды жетілдіруде.

Ғылыми бағдарлама омыртқа хирургиясының өзекті бағыттарын қамтиды: дегенеративті ауруларды емдеу, деформацияларды түзету, жұлын жарақаттарын емдеу, ісіктер хирургиясы және дәлелді медицинаны енгізу.

Kazakh Spine Days 2026 — тәжірибе алмасуға, кәсіби диалогқа және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Пікірлер