Зеленскийдің Еревандағы мәлімдемесі. Ресей Армениядан түсініктеме күтуде

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cWa2kg5CJxv3q6krH8LDe88vbiAkDC9lgRVGeJ4W.jpg

Ресей билігі Армения тарапынан Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ереванда жасаған мәлімдемелеріне байланысты ресми түсініктеме күтетінін айтты. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Песков Ереванда өткен «Армения – Еуроодақ» саммитін өткізуді «қалыпты жағдай» деп бағалаған. Оның айтуынша, Армения сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанады және мұндай саммиттер өткізу – елдің егемен құқығы.

«Бірақ Ереванда Ресейге қарсы мәлімдемелер жасауға мүмкіндік берілгені қалыпты емес. Бұл біздің Ереванмен қарым-қатынасымыздың рухына сәйкес келмейді», — деді Песков.

Оның сөзінше, Ресей тарапы Украина президентінің Ереванда жасаған «антиресейлік мәлімдемелеріне» байланысты Армениядан түсініктеме күтеді.

«Әрине, біз Ереван тарапынан қандай да бір түсініктеме болады деп күтеміз», — деді Ресей президентінің өкілі.

Сондай-ақ ол Мәскеудің «неліктен Армениядан Ресейге қарсы мәлімдемелер айтылып жатқанын» және «неге Армения премьер-министрі мұны өз сөздерімен теңестіруге тырыспай отырғанын» түсінбейтінін айтты.

«Біз үшін ең бастысы – Арменияның Ресейге қарсы ұстанымда болмауы», — деп қосты Песков.

Арменияда 4–5 мамыр күндері Еуропалық саяси қауымдастық саммиті және «Армения – Еуроодақ» саммиті өткен болатын.

Саммит барысында Украина президенті Владимир Зеленский 9 мамырда Мәскеуде өтетін парад туралы айтып, «украин дрондары да бұл парадтың үстінен ұшып өтуі мүмкін» деп мәлімдеген еді. 

Пікірлер