«Кімдерді дайындап жатырмыз?» Депутат "Болашақ" бағдарламасын тексеруді ұсынды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WQkqhOW9zA2XQkhwIq64pioGnBcXJbt3ABpJvVwJ.webp

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 27 сәуірде Мәжілістегі үкімет сағатында "Болашақ" бағдарламасында бірқатар заңбұзушылықтар барын айтып, құқық қорғау органдарының қатысуымен тексеріс жүргізуді, сондай-ақ бюджет қаражатын қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасына қатысты тәсілдер мен саясатты қайта қарау қажет.

"Бағдарлама аясында кадр даярлау кезінде жіберілген заңбұзушылықтарды естісең, жағаңды ұстайсың. "Болашақ" бағдарламасы бойынша конкурсқа талаптарға мүлде сәйкес келмейтін 881 үміткер жіберілген. Соның ішінде 340 адам 7 млрд 659 млн теңге көлемінде стипендия алып, шетелде оқып жүр. 15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі мүлде жоқ, бірақ олар білім алуда. 151 стипендия жоспардан тыс берілген, ал лимиттен тыс тағайындалған қаржы көлемі – 2 млрд 519 млн теңге. 71 үміткер жасырын түрде бір-біріне кепіл болған. Келтірілген шығын – 876 млн теңге. Жалпы, шынын айтқанда, жаңалықтарды қарап отырсаң, кезекті бір әкім тағайындалады да, 3-4 жылдан кейін "Болашақ" түлегі ретінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығына байланысты жауапқа тартылады. Сонда біз жалпы "Болашақ" арқылы кімдерді дайындап жатырмыз деген сұрақ туындайды", – деді депутат.

Оның айтуынша, сондай-ақ министрліктің жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты кейбір эпизодтарды қылмыстық іс қозғауға негіз болатын жағдайлар ретінде бағалауға болады. Осыған байланысты ол мынадай ұсыныстарын айтты:

"Біріншіден – Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) есебі қорытындысы бойынша "Болашақ" бағдарламасы аясында мамандар даярлауға жұмсалған қаражатты қайтару жөнінде талап-арыздар беру қажет. Менің бағалауымша, шамамен 10 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Бұл – шетелде негізінен тегін білім алып жатқан кейбір тұлғалардың балалары мен туыстарына жұмсалған қаражат. Министрлік олардың тізімін ашық әрі нақты жариялауы тиіс. Екіншіден – Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының қатысуымен комиссиялар құрып, ЖАП анықтаған шамамен 10 млрд теңге көлеміндегі заңбұзушылықтарға қатысы бар барлық лауазымды тұлғаларды анықтау қажет. Үшіншіден – жоғары оқу орындарында цифрлық курстарды енгізуіміз керек. Атап айтқанда, цифрландыру негіздері, жасанды интеллект, ақпараттық ресурстарды басқару, электрондық үдерістер мен құжат айналымы. Яғни, білім беру стандарттарын толық қайта қарау қажет", – деп толықтырды мәжілісмен.

Сондай-ақ ол ғылым саласында лобби бар екенін, ал "Скопус" пен "Томсон Рейтерс" базаларындағы жарияланымдар бизнеске айналып кеткенін атап өтті. Осыған байланысты, оның пікірінше, мұндай жарияланымдардың міндеттілігін алып тастап, ғылыми еңбектерді Жоғары аудиторлық палата мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған ұлттық журналдар арқылы бағалау қажет.

Пікірлер