Атырау қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Бақытбек Исаев екі айға тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Бақытбек Исаев 15 сәуір күні ұсталған еді. Енді сот оған қатысты бұлтартпас шарасы туралы шешім шығарып отыр.
«Ақ Жайық» дереккөздерінің мәліметінше, тергеушілер күдіктінің қызмет бабын асыра пайдалану фактісін тексеріп жатыр.
«Оның әрекеттеріне қатысты түпкілікті құқықтық баға ресми түрде жарияланған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, тергеу ісі есірткі заттарына байланысты, олар қылмыстық істерде айғақ ретінде тіркелген», –деленген басылым жазбасында.
Аталған істе тағы 17 адамның есімі аталды. Олардың арасында қылмыстық істер мен айғақ заттармен жұмыс істеген полиция қызметкерлері де бар.
«Ақ Жайық» облыстық есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев пен департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Қалиевті атап өтті.
Тергеудің нақты мән-жайы мен басқа да күдіктілердің процессуалдық мәртебесі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ
