Димаш Құдайберген мен інісі жаңа әнін таныстырды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QdY5LxnZQR08GQZTE1NLtnXXqYSP9HJ8d5hzpxXI.jpg

Димаш Құдайберген мен оның інісі, музыкант Мансұр Құдайберген «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-шоуының жаңа шығарылымында «Самғау» атты жаңа әнін таныстырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бағдарламаның алтыншы шығарылымы вокалистердің дуэттік өнер көрсетуіне арналды. Шоудың бас продюсері Димаш Құдайберген жоба үшін арнайы жазылған авторлық «Самғау» композициясын орындап, сахнада оған Мансұр Құдайберген электрогитара партиясымен сүйемелдеді. Ақын Жарасхан Нұрбайдың сөзіне жазылған туындыда туған жерге деген сүйіспеншілік пен биік армандарға ұмтылу идеясы көрініс тапқан.

Концерттік бағдарламаны қытайлық орындаушы Ли Юйгань ашып, танымал «新贵妃醉酒» («Мас болған ханым») әнінің жаңа нұсқасын орындады. Әнші өнер көрсету алдында музыка халықтар мен мәдениеттерді біріктіретін күш екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қытайдан келген қатысушылар — опера әншісі Цай Чэнъюй мен халық вокалисті Ла Даньчжу рэп элементтері бар кроссовер форматында «山河图» («Таулар мен өзендер картасы») әнін орындады. Олар бұл туындыны таңдауға Бозжыра шатқалына жасаған сапары ерекше әсер еткенін айтты.

Италия мен Қырғызстан өнерпаздары — Джулия Фальконе мен Нұр Чолпон «Nel blu, dipinto di blu» («Volare») композициясын орындап, екі ел мәдениетін үйлестірген ерекше дуэт көрсетті. Әннің бір шумағы қырғыз тілінде орындалды.

Ал Нұржас Садырбаев пен сербиялық әнші Принц «Tamo daleko» және «Самал тау» әндерін біріктіріп, әсерлі дуэт ұсынды. Димаш Құдайберген олардың орындауын жоғары бағалап, қысқа уақыт ішінде күрделі шығарманы орындау үлкен жауапкершілік екенін айтты.

Бағдарлама барысында Малайзиядан келген Джерил Ли мен қытайлық Чжан Синью «鱼儿说» («Балықтың сыры») атты лирикалық композицияны орындап, тыңдармандардың ықыласына бөленді.

Дуэттер арасындағы алғашқы сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Цай Чэнъюй мен Ла Даньчжу иеленді. Екінші орын Джулия Фальконе мен Нұр Чолпон дуэтіне бұйырса, үздік үштікті Нұржас Садырбаев пен Принц түйіндеді.

Шоудың келесі кезеңі Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі — Алматыда өтеді. Жобаға қатысушы алты елден келген сегіз әнші Тянь-Шань таулары баурайындағы ашық сахнада өнер көрсетпек.

Пікірлер