"Бұл күнде Арқадан ән көшіп кеткендей, өнер ауып кеткендей..."

1095
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uYJn0DtkB1GmFY87Sa10jR25EtlmiurEESQHHkKz.jpg

Бүгін - қазақтың ән өнеріне қоңыр даусымен, қазақы бояулы үнімен қосылып, дәстүрлі әннің майын тамызып орындаған шебер әнші Биғазы Тұтқабековтің туған күні. Көзі тірі болса, 50 жасқа толар еді.

Марқұмды жұбайы Гүлшат Тәкежанова еске алды.

“Маңдайыма сыймай кеткен жарығым…  Биғазым… Бүгін сенің туған күнің… Тірі болғаныңда, дәл осы күні 50-ге келер ең ғой… Ердің жасына келген торқалы тойыңды отбасы-ошақ қасында  ғана тойлап қоймай, алты Алаштың ортақ тойына айналдырар ма еді?! Ұлытауың ұлықтап, Иманағың иланып,  Талдыбұлағың тамсанып жатар ма еді, кім білсін?! Ескенең ескеріп, туған топырағыңда, өзің мәңгілік мекен тапқан жеріңде,  Қайрат ағаның 50 жасын жасағандай, ат шаптырып, той жасап берер еді, бәлкім. “Биғазя 50 жас” деп таспен қашап жазар еді. Арқа жұрты алқалап, “Елге кел, концерт бер!” деп қолқа салар еді. Жаңарқаң жадырап қарсы алар еді. Жөн білетіндер  шапан жауып, ат мінгізер еді. “Біз Биғазымен жерлеспіз, ол біздің елдің азаматы” деп  аталастарың атыңның өзін мәртебе көріп,ағайындарың мақтан тұтар еді.  Бірақ.. Ол енді орындалмас арман ғана. Өзің жоқсың…”Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт” деген осы болар. Өзіңді танығандардың көбінің жадынан өштің, көңілдерінен кеттің. Алланың ісіне амал бар ма?!” деп жазды Гүлшат Тәкежанова Facebook парақшасына.

Марқұмның жұбайы еске алмаған еліне қапалы.

“Рухыңды сыйлаған, өзіңмен дәмдес болған бірен саранның  ғана есінде қалғаның болмаса…Елің де үнсіз. Ауылыңның  атқа мінерлері ауыз ашпай қалды.  Кімге назымды айтайын?! Кімге барып, жер басып жүрмеген жарымды ұлықтаңдар деп айтайын?!” Елім деп еміреніп тұрар өзіңнің көзің кеткен соң “Ерім деп еміренер” ел де жоқ екен ғой! Бұл күнде Арқадан ән көшіп кеткендей, өнер ауып кеткендей. Биғазы деген өнер қонған перзенті болмағандай бұл елдің. Ұмытыпты… Сен бәрін сезіп, біліп жатырсың. Білемін. Қос қанатың - ұлың мен қызыңды  жетімдік көрсетпей жеткіздім.  Бибарысың жаныңда..  Өзіңе шапағатшы болсын деген ғой жаратқан.. Ал Алмасың мен Какошың екеуі де өнерлі, дарынды боп өсті. Қан қоя ма?! Бойларында тулаған қаны тыныш жатқыза ма?! Жоғары оқу орнынан дипломдары бар. Білімді, білікті.  Ұлың режиссер, композитор, ақындығы да бар.  Қызың мықты әнші, композитор.  “Болам деген баланың бетінен қақпа белін бу” деп, осы балаларыңа жақсының көзі ғой деп  жол сілтеп сүйеніш болар жан болса дейсің, шіркін! Әттең- ай, әттең! Өзің тірі болғанда бәрі басқаша болар еді ғой…

Кеудемде жаным болса, балапандарың аман болса, ел-жұртыңның алдында Биғазы деген атыңды бір ұлықтармын. Әзірге қолымнан келері өзіңе арнап құран бағыштау ғана. Риза бол, жарығым…” деп еске алды.

Пікірлер