Хаменеиден кейін – Хаменеи. Иранның жаңа жетекшісі жарияланды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ao7rKBedtyD6vLnhcC390n9xAhQqBTG0niEq9O6b.webp

Иранның сарапшылар кеңесі Моджтаба Хаменеиді елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы етіп тағайындады. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

56 жастағы Сейед Муджтаба Хаменеи 1969 жылғы 8 қыркүйекте Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында дүниеге келген.  Ол – елдің бұрынғы жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеидің екінші ұлы.

Моджтаба Хаменеи Иран–Ирак соғысы кезінде бірнеше рет қысқа мерзімді әскери қызмет атқарған. 1990-жылдардың соңында діни білім алған. Ол ұзақ уақыт бойы көпшілік назарынан тыс болған. Ешқашан мемлекеттік қызмет атқарып, көпшілік алдында сөз сөйлемеген және сұхбат бермеген. Ашық дереккөздерде оның аз ғана фотосуреттері мен бейнежазбалары жарияланған.

Айта кетейік, жаңа басшыны таңдау Иран төңірегіндегі жалғасып жатқан әскери қарсыластық жағдайында өтті. Ал Иранды күнде зымыранмен төмпештеп жатқан Израиль Иранның жаңа жетекшісі бұрынғы жолды ұстанатын болса, "аңдитынын" айтқан. Үлкен Хаменеи Израиль мен батысқа қарсы ымырасыз қатаң бағыт ұстанған саясаткер болды. Ұлы Моджтабаның да әке жолын жалғастыратыны, қатаң ұстанымдағы тұлға екені айтылады. Бұрын-соңды аты көп аталмайтын оның ақпан айында елден миллиардаған доллар қаржыны сыртқа аударғаны БАҚ назарына шалдыққан. 28 ақпанда Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеті басталғанда аятолла Сейед Әли Хаменеимен бірге қаза тапқандардың арасында әуелде Моджтабаның да болғаны хабарланған. Соңынан оның соққыдан аман қалғаны, алайда әкесі, баласы және әйелінің қаза тапқаны белгілі болды. Бұл оқиғада үлкен Хаменеймен бірге елдің ондаған әскербасы мамандары қаза тапты. 

Моджтаба Хаменеидің әкесінің орнына келетіні алдын-ала айтылғанымен, оған қарсылық білдіргендер болған. Алайда аятолла қаза тапқаннан кейін Иранда құрылған уақытша кеңес пен жетекшіні сайлайтын сарапшылар кеңесі оның кандидатурасына келіскені 8 наурызда хабарланған. Бірақ соңғы сәтке дейін аты-жөні хабарланбаған. Соғыс жағдайында жаңа жетекшіні сайлау күрделі жағдайда өткен. Өйткені соңғы күндері сарапшылар кеңесінің Тегеран мен Құм қаласындағы ғимараттары зымыран нысанасына алынып, қираған.   

 

 

 

Пікірлер