ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Алексей Рогов дипломатиялық корпусқа арналған брифингке қатысты. Іс-шара Астана қаласында өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері таныстырылды. Атап айтқанда, құжатта адам құқықтарының кепілдіктерін күшейту, мемлекеттің зайырлылық қағидатын бекіту, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау және халықаралық міндеттемелерді орындау нормалары қамтылғаны айтылды.
Брифинг барысында конституциялық реформалардың елдегі саяси-құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызы ерекше екені атап өтілді. Сонымен қатар құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғаны айтылды.
ЕҚЫҰ өкілдері өз мандатына сәйкес реформаларды ілгерілету мақсатында қабылдаушы елдің мемлекеттік органдарымен, ұлттық серіктестермен және басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.