Пехлеви орала ма? Мюнхенде Иран билігіне қарсы жаппай шеру өтті

184
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8MrX3uryekVygowoXZb42bHW5lH3zCdZ5cxXeM2f.jpg

Фото: Michaela Stache/AFP/Getty Images

Сенбі, 14 ақпанда Мюнхен қаласында Иран билігіне қарсы ауқымды наразылық акциясы өтті. Полицияның мәліметінше, шеруге шамамен 200 мың адам қатысқан. Бұл көрсеткіш ұйымдастырушылар күткен саннан әлдеқайда жоғары болған, деп хабарлайды “Адырна” порталы Dw.com сайтына сілтеп.

Акция Мюнхен қауіпсіздік конференциясы (MSC) өтіп жатқан күндері ұйымдастырылды. Конференцияға қатысу үшін Германияға келген ирандық оппозиционер, 1979 жылы тақтан тайдырылған шахтың ұлы Реза Пехлеви де митингке арнайы барып, жиналғандардың алдында сөз сөйледі.

Наразылық білдірушілер жаңбырға қарамастан қаланың орталығындағы Терезиенвизе алаңына жиналды. Пехлеви сахнаға шыққанда, кейбір қатысушылар оның портреттерін ұстап, «Шах жасасын!» деп ұрандатты. Шеруді оппозициялық The Munich Circle тобы ұйымдастырған.

Митинг барысында сөз алғандар Иранда бейбіт әрі демократиялық билік ауысуы қажет екенін айтты. Қатысушылар Тегерандағы қазіргі басшылық өз халқына қарсы жасалған зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргін үшін жауап беруі тиіс екенін атап өтті. Дәл осы күні Иран билігіне қарсы наразылық акциялары әлемнің өзге де ірі қалаларында, соның ішінде Торонто мен Лос-Анджелесте өтті.

Пехлеви Трампқа үндеу жасады

Митинг алдында Реза Пехлеви Ирандағы саяси жүйені өзгерту уақыты келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ел ішіндегі соңғы наразылықтарға қатысқандар қолданыстағы институттарды реформалауды емес, қазіргі режимді толық ауыстыру үшін халықаралық қолдау сұраған.

Пехлеви АҚШ президенті Дональд Трампқа үндеу жасап, ирандықтар оның «көмек жолда» деген мәлімдемелерін естігенін жеткізді. Ол АҚШ тарапынан нақты қолдау болады деп үміт білдіріп, көптеген ирандықтар америкалық көшбасшыға сенім артатынын айтты.

Оппозиция ішіндегі алауыздық

Соңғы жылдары Ирандағы наразылықтар барысында кейбір топтар монархияны қалпына келтіруді қолдаған. Алайда Реза Пехлеви өзінің таққа қайта оралуды көздемейтінін атап өтті. Ол басты мақсаты – иран халқының өз билігін еркін таңдауына мүмкіндік беру екенін айтты.

Сонымен қатар, ирандық оппозиция әлі де біртұтас күшке айнала алмай отыр. Пехлеви Израильді қолдағаны үшін және әкесі – соңғы шах Мохаммед Реза Пехлевидің авторитарлық басқару стилінен ашық түрде алшақтамағаны үшін сынға ұшырауда. Сарапшылардың пікірінше, оппозицияның бытыраңқылығы Ирандағы саяси өзгерістер үдерісіне әсер етуі мүмкін.

Пікірлер