Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды елге қайтару жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министрліктің 2026 жылғы 6 наурыздағы ресми хабарламасына сәйкес, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компаниялары арқылы 12 рейс ұйымдастырылып, 3300-ден астам қазақстандық елге оралған.
Әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды жерүсті жолдары арқылы шығару да жүзеге асырылуда. Мысалы, 6 наурызда Ирандағы дипломаттар "Заркух" компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандықты Иран-Армения шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған 34 қызметкердің елге қайтуын ұйымдастырып, олар автобуспен шекарадан өтті. Жалпы бүгінге дейін Ираннан 52 қазақстандық қайтарылды.
