Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу құқығын Конституцияда бекіту ұсынылды

130
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PAxvuK19fPiele3ErNO8rnHjtnva6LI3izDgOU7E.jpg

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына әрбір азаматтың мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келтірілген зиянды өтеу құқығын бекітуді ұсынды.

Бұл туралы ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында мәлімдеді.

Қарлығаш Жаманқұлова сөз басында комиссия мүшелеріне ашықтық пен сындарлы пікірталас үшін алғыс білдіріп, азаматтық қоғам ұсыныстарын нақты құқықтық тұжырымдарға айналдырған заңгерлердің еңбегін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері – рұқсаттар, тыйымдар мен тексерулер – азаматтардың жұмыс істеуіне, білім алуына, емделуіне және мүлкін қорғауына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда заңсыз әрекеттерден келген зиянды өтеу құқығы құқықтық мемлекеттің негізгі кепілдіктерінің бірі болуы тиіс.

«Егер азаматқа әділетсіздік жасалса, ол жұмсаған уақыты, қаржысы немесе тіпті моральдық залалы үшін өтемақы алуға құқылы», – деді ол.

Қарлығаш Жаманқұлованың пікірінше, мұндай норма азаматтардың құқықтарын қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз шешім қабылдау тәуекелін азайтып, алдын алу әсерін қалыптастырады.

Ол сот мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шешімін заңсыз деп таныған жағдайда, азаматтарға келтірілген зиянды өтеу мүмкіндігіне конституциялық кепілдік берілуі қажет екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция әрбір адамның құқықтар мен міндеттердің иесі екенін және оларды мемлекеттен қорғауды өз бетінше талап етуге құқылы екенін айқындауы тиіс», – деді ол.

Қорытындылай келе, Қарлығаш Жаманқұлова бұл норманы енгізу әр азаматты жария-құқықтық қатынастардың тең құқылы қатысушысына айналдырып, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың нақты құралы болатынын айтты.

Пікірлер