Украина, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөз қалай өтті?

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zd7h5rqYvLdn8JcChreeWl1tLWhKE5BQOtpxIPAt.jpg

Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөздер өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы аумақтық мәселелер болғаны айтылды, алайда мазмұны жөнінде толық ақпарат жарияланған жоқ. Бұл тупалы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Келіссөздер 23 қаңтар, жұма күні түстен кейін басталып, 24 қаңтар, сенбі күні аяқталды. Украина атынан Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастаған делегация қатысты. АҚШ делегациясы құрамында президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Джаред Кушнер және Украина бойынша арнайы өкіл, АҚШ армиясының министрі Дэн Дрисколл болды.

Ресей делегациясын Бас штабтың Бас басқармасы (ГРУ) басшысы Игорь Костюков басқарды. Делегация құрамына Қорғаныс министрлігінің өкілдері кірді.

Делегация мүшелерінің есімдері ресми түрде жарияланбады. Алайда «Агентство» басылымы фотосуреттерге сүйене отырып, қатысушылардың қатарында ГРУ ақпарат басқармасы басшысының бірінші орынбасары Александр Зорин мен аудармашы Илья Курепов болғанын хабарлады.

Украина президенті кеңсесінің мәліметінше, келіссөздер бірнеше форматта, соның ішінде жекелеген топтардың кездесулері түрінде өтті. Ресейдің ТАСС агенттігі де кездесулердің әртүрлі форматта ұйымдастырылғанын растады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, БАӘ үкіметінің өкілі келіссөздер барысында Ресей мен Украина делегациялары өкілдерінің тікелей байланысқа шыққанын мәлімдеген.

Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді «позитивті және конструктивті» деп бағалап, олардың алғашқы күнінде делегациясының баяндамасын тыңдаған соң: «Бұл — соңғы жылдарығы алғашқы екі күндік үшжақты кездесулер форматы. Көптеген мәселелер талқыланды, және ең бастысы, сөйлесулер конструктивті болды», – деді.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша Украина делегациясының басшысы Рустем Умеров кездесудің «Ресей соғысын аяқтау параметрлеріне және келіссөздер процесінің логикасына арналғанын, мақсат – лайықты әрі тұрақты бейбітшілікке жету» деп хабарлады.

Зеленский алдын ала кездесудің негізгі тақырыбы Донбасс болуы керек екенін айтқан. Келіссөзден кейін ол талқылаудың «соғысты аяқтау мүмкіндіктеріне» бағытталғанын жеткізді.

 «Америкалық бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын бағалаймын», – деп жазды ол Telegram-да.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «келіскен мәселелерді өз астаналарында хабарлап, кейінгі қадамдарды көшбасшылармен келіседі». Украина жаңа кездесулерге, соның ішінде келесі аптадағы кездесулерге дайын екенін мәлімдеді.

Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Абу-Дабидегі үшжақты кездесулерді келесі аптада жалғастыру жоспарланғанын айтты. 

«Жұма және сенбіде АҚШ, Украина және Ресей үшжақты кездесуді өткізді, бұл мүмкіндікке БАӘ үкіметі ықпал етті. Келіссөздер өте конструктивті өтті, әрі диалогты келесі аптада жалғастыруға уағдаластық. Президент Трамп пен оның командасы осы соғысты тоқтатып, бейбітшілік орнатуға шешім қабылдаған», – деді Уиткофф.

Axios агенттігінің хабарлауынша, келесі кездесу 1 ақпанда Абу-Дабиде өтеді деп жоспарланған.

Журналист Барак Равид украиналық шенеунікке сілтеме жасап келіссөздерді «позитивті» және «конструктивті» деп бағалағанын жазды. AFP агенттігі БАӘ үкіметінің өкілі де атмосфераны «позитивті және конструктивті» деп атағанын хабарлады. ТАСС дереккөзі келіссөздердің «нәтижесі бар» екенін және Абу-Дабиде жақын күндері үшжақты форматта жалғасуы мүмкін екенін айтты. Reuters агенттігі американдық ресми тұлғаға сілтеме жасап, жаңа раунд келесі жексенбіде өтетінін хабарлады.

Axios агенттігі хабарлағандай, америкалық делегация мүшелері – Кушнер, Уиткофф және басқа өкілдер Ресей-Украина жұмыс тобының кездесулері өтетін бөлмелер арасында жүріп, барлық мәселелерді талқылаған.

Америка шенеуніктерінің айтуынша, екі күндік келіссөз барысында Ресейдің Донбасстағы аумақтық талаптары, Запорожье атом станциясы мәселесі және екі тарап үшін де дағдарысты азайту шаралары қарастырылған. Мақсат – соғыстың аяқталғанын көрсету және оның қайта басталмауын қамтамасыз ету.

Екінші күннің соңында үш делегация бірге түскі асқа отырды.

«Белгілі бір сәтте бәрі дерлік достар сияқты көрінді. Үміт пайда болды», – деді америкалық шенеунік.

Ал Ресей тарапы аумақтық мәселелер бойынша Вашингтонның ұстанымымен келісуге мәжбүр болды.

Бұл туралы The Times басылымы ресейлік дипломатқа сілтеме жасап жазды.

«Біз алдымен аумақтық шегіністерге қатысты қандай да бір міндеттеме алуға үміттендік. Алайда келіссөздердің соңында америкалықтардың позициясымен келісуге тура келді», – деді дереккөз Абу-Дабидегі келіссөздердің алғашқы күнінен кейін.

Америкалық ресми тұлғалар Абу-Дабидегі кездесуді келесі келіссөздер кезеңіне маңызды қадам деп бағалады. Егер келесі кездесуде үлкен прогресс байқалса, тараптар Мәскеу немесе Киевте кездесуі мүмкін.

 

Пікірлер