Барселона маңында пойыз рельстен шығып кетіп, апатқа ұшырады. Салдарынан машинист қаза тауып, 37 адам жарақат алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні кешке Барселонадан шамамен 40 шақырым батыста орналасқан Желида қаласының маңында болған. Каталония өрт сөндіру қызметінің өкілі Клауди Гальярдоның хабарлауынша, қала маңындағы пойыз вагонына тіреу қабырғасы құлаған.
Каталонияның қала маңындағы пойыздарын басқаратын Rodalies de Catalunya компаниясының мәліметінше, қаза болған адам – осы компанияның қызметкері.
Қазіргі таңда жергілікті пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұл теміржол оқиғасы Испанияның оңтүстігінде кемінде 42 адамның өмірін қиған ірі теміржол апатынан кейін бар-жоғы екі күн өткен соң тіркеліп отыр. Бұған дейін Кордова провинциясында екі жүрдек пойыздың соқтығысқанын жазған едік.