Белсенді Мирболат Мырзатайұлы Алматыдан Тараз түрмесіне ауыстырылды

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OIAc7HJmHODLAs8CrEJERzXTxhGaKRErSCe66nl1.jpg

Белсенді әрі блогер Мирболат Мырзатайұлы Алматыдан Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне ауыстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Адам құқықтарын қорғау бюросының мәліметінше, қоғам белсендісі апелляциялық соттың қаулысы шықпай тұрып Тараздағы абақтыға жеткізілген.

Мирболат Мырзатайұлының жұбайының айтуынша, 12 қаңтарға қараған түні белсенді Алматыдағы тергеу изоляторынан әкетіліп, Тараз қаласындағы №67 мекемеге орналастырылған.

Ал қорғаушысы Жанар Балғабаеваның сөзінше, бұл әрекет заңға қайшы.

«Блогерге қатысты апелляциялық шағым әлі қаралған жоқ. Заңға сәйкес, бірінші сатыдағы сот үкімінен кейін сотталушының қалалық сотқа шағымдануға құқығы бар. Апелляция қаралып, үкім күшінде қалса ғана жазасын өтеу мекемесіне ауыстырылады. Мирболат Мырзатайұлы мен оның қорғаушысы төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына келіспей, Алматы қалалық сотына шағым түсірген. Сондықтан апелляциялық процесс аяқталғанға дейін ол Алматыда қалуы тиіс еді», – деп жазды бюро.

Сондай-ақ, құқық қорғаушылардың хабарлауынша, әлеуметтік желілерде «Мирболаттың сотына мың адам қатысамыз» деген бастама көтерілген. Алайда бұл науқанның белсендінің Таразға ауыстырылуына қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Пікірлер