Бүгін, 9 сәуірде Алматыда мәжіліс және мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар мен өзге де белсенділер, тұрғындар сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, митингке шықты. Алаңға 70-ке жуық адам жиналған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Наразылыққа шыққандар арасында мәжіліс депутаттығына тәуелсіз кандидат болған Мұхтар Тайжан, Инга Иманбай мен Рысбек Сәрсенбай бар.
Азаттықтың мәліметінше, шамамен екі сағатқа созылған рұқсат етілмеген митинг соңында қарар қабылданып, оған бес талап енгізілген:
- 19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп тану;
- "Заңсыздық көп болған" сайлаудың нәтижесінде жасақталған парламент пен ол бекіткен үкіметке сенімсіздік білдіру,
- Алматыда Республика алаңын бейбіт жиын орны ретінде белгілеу;
- Саяси тұтқындарды босату;
- Президент Тоқаевтан кез келген сепаратизмнің түріне тыйым салуды талап ету.
Айта кетейік, Алматы әкімдігі бұл жиынды өткізуге рұқсат бермеген. Бірақ белсенділер биліктің шешіміне қарамастан жиналатынын айтқан. Ал прокуратура өкілі шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауын сұраған.