"Орталық Азияны Батыспен байланыстыратын жалғыз ел – Әзербайжан"

301
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ogum1XGNOji93743HFrCXGIn2zlq1IyAP2eqqclb.webp

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 5 қаңтар күні осы елде тіркелген телеарналарға берген сұхбатында елдің сыртқы саясаттағы маңызды жетістіктерінің бірі – Орталық Азия (ОА) мемлекеттерінің консультативтік кеңесіне толыққанды мүше болып қабылдануын атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report-қа сілтеп.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім географиялық тұрғыдан ерекше әрі саяси-дипломатиялық тұрғыдан маңызды оқиға саналады.

"География жағынан біз Орталық Азияда емес, Оңтүстік Кавказда орналасқанбыз. Алайда Орталық Азия елдерімен екіжақты және көпжақты форматтағы байланыстарымыз өте тығыз. Соңғы жылдары бірлескен жобалар айтарлықтай көбейді. Осының нәтижесінде бұл елдер бізді бірауыздан толыққанды мүше ретінде қабылдады. Мұны үлкен саяси және дипломатиялық жетістік деуге болады", – деді Ильхам Әлиев.

Президенттің сөзінше, ол бұған дейін екі жыл қатарынан Орталық Азия саммиттеріне құрметті қонақ ретінде шақырылған. Ал үшінші саммитте Әзербайжан ресми түрде кеңестің толыққанды мүшесіне айналған.

Ильхам Әлиев Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ «С5» форматынан «С6» форматына көшуінің аймақ қана емес, бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда көлік, логистика және байланыстың рөлі айтарлықтай артқан.

"Орталық Азияны Батыспен географиялық тұрғыда сенімді түрде байланыстыра алатын жалғыз ел – Әзербайжан. Балама бағыттар бар болғанымен, қазіргі геосаяси жағдайда олар Батыс үшін қолайлы деп саналмайды. Сондықтан біздің тірі көпір әрі сенімді серіктес ретіндегі рөліміз арта береді", – деді ол.

Мемлекет басшысы соңғы уақытта Әзербайжан аумағы арқылы өтетін жүк көлемі күрт өсіп жатқанын атап өтті. Алғаш рет ел аумағы арқылы 100 мың контейнер тасымалданған.

"Бұл - тек бастамасы. Алдағы уақытта жүк көлемі бірнеше есе артады. Осыған байланысты біз көлік инфрақұрылымын кеңейтуге қосымша қаражат бөліп жатырмыз және бұл жұмыс жалғасады", – деді президент.

Сонымен қатар, Ильхам Әлиев 2024 жылдың қараша айында Бакуде Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан президенттері Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту туралы келісімге қол қойғанын еске салды. Жоба аясында талшықты-оптикалық кабель төсеу және өзге де коммуникациялық жобалар жүзеге асырылмақ.

"Әзербайжанды бұл топқа ресми түрде қабылдай отырып, Орталық Азия елдері бізге үлкен құрмет көрсетті және стратегиялық көрегендік танытты. Бұл шешім аймақтағы геосаяси ахуалды түбегейлі өзгертеді", – деп түйіндеді Әзербайжан президенті.

Айта кетейік, бұған дейін ел президентінің сұхбатында тіл мәселесі көтерілген еді.

Пікірлер