"Бізге энергия қажет". Швейцариялық инженер қазақстандықтарға АЭС маңызын түсіндірді

1127
Adyrna.kz Telegram

Елімізде энергия тапшылығы байқалады. Ол үшін атом энергиясын жүзеге асыру маңызды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Швейцариялық ядролық энергетика инженері Лука Таглиапиетра қазақстандық БАҚ өкілдерімен онлайн кездесу өткізіп, сұхбат берді.

Маманның сөзінше, энергияның жаңа көзінен қорқудың қажеті жоқ.

"Ядролық реакторларда туындауы мүмкін кез келген мәселені реттей алады. Қауіпсіздік шараларының тұрғындарға, қоршаған ортаға ешқандай зиянды ықпалы жоқ. Адамдарды радиация, радиоактивті заттардың ауаға тарауы тәрізді қауіптер алаңдатады.  Алайда бұл заттар тек атом электр станциясының ішінде болады, сыртқа шықпайды. Одан қауіп жоқ. Ал кездейсоқ тарайтын жағдай бола қалса, жүйе өздігінен автоматты түрде жабылады. Мұндай қауіпті жағдайлар өте сирек болғанын атап өткім келеді", - деді маман.

Одан бөлек, БАҚ өкілдерінің АЭС салудың ауаға зияны туралы сұрағына да жауап берілді.

"Атом электр станциялары көмірқышқыл газы, ілеспе газдар тәрізді ауаны ластайтын қалдықтарды шығармайды. Экологиялық жағынан тиімді. Әлем көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға тырысып жатыр. Бұл ретте атом электр станцияларының маңызы зор. Иә, әлемде халық саны өсіп жатыр. Бізге энергия қажет. Бұл орайда елді жеткілікті қуатпен қамтамасыз ету үшін қауіпсіз деп танылған жаңартылатын энергия көздерімен қоса, атом энергиясын пайдалану маңызды. Бұл әр мемлекеттің алдында тұрған мақсат", - дейді Лука Таглиапиетра.

Пікірлер