Аталмайтын мерейтой. Әріптестері Қазақстан президентін қалай құттықтады?

2874
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты бірқатар елдердің президенттері мерейтойымен құттықтады, деп жазады "Адырна" тілшісі.

Телефон арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевты 70 жасқа толған туған күнімен Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян құттықтады.

Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, оған Қазақстан халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметінде одан әрі табыс тіледі.

Сонымен қатар, Тоқаевтың атына шет мемлекеттер мен үкімет басшыларынан, парламент спикерлерінен, халықаралық ұйымдар басшыларынан, дипломатиялық миссиялар мен іскер топтардан жеделхаттар келіп түсті.

Құттықтау жеделхатын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Италия президенті Серджио Маттарелла, Сербия президенті Александр Вучич, Венгрия президенті Каталин Новак және Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан жолдады. Болгария президенті Румен Радев, Албания президенті Байрам Бегай, Сингапур президенті Халима Якоб, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және т.б. президентіміздің туған күнін елеусіз қалдырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойымен құттықтағандар қатарында қазақстандықтар, Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері және басқа да көптеген жеделхаттар да бар.

Бұған дейін Тоқаев өзінің 70 жылдық мерейтойын принципті түрде атап өтуді жоспарламағанын мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлаған болатын.

Ал бүгін ол өзінің туған күнінде Қытайға сапарға аттанды. Көрші ел Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алды.

Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелерін талқылайды деп жоспарлануда.

18 мамырда Мемлекет басшысы Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесіп, мемлекеттік сапарлар бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізеді, сондай-ақ құрғақ портта қазақстандық логистикалық орталық құрылысының іске қосылу салтанатына қатысады.

19 мамырда Мемлекет басшысы Орталық Азия-Қытай саммитіне қатысады. Сондай-ақ Сиань қаласындағы еліміздің Бас консулдығының салтанатты ашылуына қатысу жоспарлануда.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер