«Достыққа жатпайтын қадам». Дума депутатының есіне Қазақстанның НАТО-мен қатынасы түсіп кетті

1035
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/r3hgwkKz8xxbbZPmCg0hN4znk1FJF47UniUdUZAt.jpg

Ресей Мемлекеттік Думасының қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлев Қазақстанның НАТО стандарттарына сай оқ-дәрі өндірісін іске қосуын сынға алды. Ол бұл әрекеттерді «достыққа жатпайтын қадам» деп атады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Газета.Ru-ға сілтеме жасап.

«Қазақстан 1992 жылы Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне қабылданды, ал 1994 жылы НАТО-мен «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» деп аталатын негіздемелік келісімге қол қойды. Осы тұста «НАТО неге Қазақстанға соншалықты қызығушылық танытып отыр?» деген сұрақ туындайды. Мүмкін, Ресеймен шекаралас ел болғандықтан және осы ел арқылы кезекті русофобиялық форпост құруға болады деген мақсат бар шығар?» — деді ол.

Журавлевтің пікірінше, Қазақстан болашақта ресейлік қару-жарақтан бас тартуды көздеп отыр.

«Сырттай бауырлас көрінетін республиканың орыс тілінен ғана емес, кириллицадан да тез бас тартқанын байқамауға тырысып келеміз. Украинаға қолдау білдіріп жатқанын да көрдік. Енді, міне, НАТО стандартындағы оқ-дәрілерге көшіп жатыр. Бұл болашақта ресейлік қару үлгілерінен бас тартып, оларды батыстық нұсқалармен алмастыруды жоспарлап отырғанын аңғартады. Астана Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенінің ең ірі сатып алушысы болмаған шығар, бірақ бұл қадамның өзі — сөзсіз, достыққа жатпайтын әрекет және оған тиісті түрде жауап беру қажет. НАТО-мен мұндай ынтымақтастықтың Киев үшін немен аяқталғанын бәріміз білеміз», — деп атап өтті ол.

Бұған дейін RTVI арнасы қазақстандық жоғары лауазымды әскери қызметкердің пікірін жариялаған болатын. Оның айтуынша, ел әскерінің жауынгерлік қабілеті Қазақстан аумағында қалған кеңес дәуіріндегі қару-жарақ қоймаларына және Ресейден жеткізілетін оқ-дәрілерге тәуелді болып келген. Әскери маман ASPAN жобасы аясында НАТО стандарттарына көшу үшін артиллериялық снарядтар мен миналар шығаратын төрт зауыт салынатынын хабарлады. Сондай-ақ ол оқ-дәрі мәселесі 2020 жылы айтарлықтай жақсарғанын, сол кезде канадалық компания Қарағанды маңында атыс қаруына арналған патрон шығаратын зауыт салып бергенін атап өтті.

 

Пікірлер