Алматыда көлік қозғалысын ретке келтіру және жолдағы кептелістердің алдын алу мақсатында бірнеше жол қиылысына жаңа жол таңбасы — «вафельница» сызылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, бұл таңба Абай – Назарбаев, Абай – Момышұлы және Төле би – Розыбакиев көшелерінің қиылыстарында пайда болған.
«Вафельді» таңбаның негізгі мақсаты — жүргізушілерге қиылыс бос болмаса, оған кіруге болмайтынын ескерту. Мұндай белгі Қазақстан Республикасының жол қозғалысы қағидаларында бар және көлік ағынын тиімді басқаруға бағытталған.
— Бұл шара жиі кездесетін жасанды кептелістерді азайтуға бағытталған. Мұндай жағдайлар көбінесе жүргізушілердің бос емес қиылысқа шығуынан туындайды. Жаңа таңба көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі, — деді Алматы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі қаладағы көлік жүктемесін азайту үшін жұмыс уақытының кестесін өзгерту, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу форматын кеңейту сияқты шараларды қолға алған болатын.

Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр.
