“Құрметке лайықсыз”: Азат Перуашев Медведевтің жазбасына пікір білдірді

3181
Adyrna.kz Telegram
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ресейдің экс-президенті Медведевтің ВКонтакте парақшасында жарияланған жазбасына қатысты пікір білдірді. Депутат өз ойын Telegram желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Фейк болмаса, бұл не сонда? Ауру сананың сандырағы ма, әлде, абайсызда ауыздан шыққан жасырын қиялдар ма?

Қалай болғанда да, лас әрі құрметке лайықсыз әрекет.

«Үш жүз жылдық игеруге» қарсы қазақтар мен, тіпті, солтүстік өңірлерді де мекендеген бабаларымыздың мың жылдық тарихынан талай мысалды келтіруге болады; шекарасы қазіргі Қазақстан аумағынан да ауқымды болған, билеушілерінен барлық қазақ хандары тараған, Қазақ хандығы мұрагері саналатын Алтын Орданы еске саламыз. Айтпақшы, Мәскеу кінәздігінің күшейіп, айналасына өзге орыс жерлерінің қосылуына ықпал еткен де дәл осы Алтын Орда.

Бірақ, бұл Алтын Орданы қайта құрып, бес жүз жыл бойы төленбеген салықты талап ету керек деген сөз емес қой. Халықаралық құқық қолданыстағы шекаралардың бұзылмауын мойындаудан туындайды. Біз үшін ең бастысы – Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқаны. Еңбек етіп, өз мемлекеті мен өз кәсіптерінің күшеюіне қолғабыс қылуда. Отбасыларын құрып, туыс табуда, бала өсіруде. Біз өз өмірімізді өзіміз дұрыстаймыз.

Бірақ, рационалды уәждер мұндай провакциялардың авторларына әсер етпейтін секілді, тағы қайталаймын, егер бұл фейк болмаса, әрине.

Қалай болғанда да, мұндай жарияланымдардың пайда болуы ойын емес. Бұл тоқтаусыз журналистер мен жергілікті депутаттардың сандырағы емес. Әңгіме көрші елдің экс-президенті, яғни, үлкен саяси тәжірибесі бар саясаткер туралы.

Біздің Сыртқы істер министрлігі жағдайды анықтап, анық-қанығын хабарлау керек.

Әйтпесе, «Ақ жол» демпартиясының фракциясы СІМ-ге ресми сауал жолдайтын болады», деп жазды Азат Перуашев.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер