Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске төрағалық ететін болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
4 шілдеде прездидент Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы Қазақстан нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жарияланды.
«Кеңестің негізгі міндеттері – ұлттық қордың қаражатын пайдалану және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша президентке көмек көрсету және ұсынымдар әзірлеу. Кеңес Бюджет кодекстің 63-бабына сәйкес қор қаражатын пайдалану мәселелерін қарайды»,— делінген құжатта.
Кеңестің жұмыс органы ретінде президент әкімшілігі белгіленді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Ұлттық қордың ашықтығы мен ұтымды жұмсалуына ерекше мән беріп, бұл бағыттағы бақылау мен басқару жүйесін жетілдіруді көздеп отыр.