Тоқаев Шайдоров пен оның бапкерлерін марапаттады

250
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tmHR7WixfpiBnlhkz1YZ2Moiy2TYFwJUlqzuNAj0.jpg

Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы бүгін, 25 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.

«Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық»,– деді мемлекет басшысы.

Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Құрмет» ордені Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін», – деді Михаил Шайдоров.

Пікірлер