Қазіргі таңда экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр. Еліміз осы кедендік баж салығын 6,955%дан жоғары көтере ме деген сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді, деп хабарлайды “Адырна”.
Серік Жұманғаринның айтуынша, қазір кедендік баж салығы сомаларын бөлу кезінде Қазақстанның үлесін қайта қарау мүмкін емес. Себебі ол бұл мәселе оң шешілуі үшін Ресей мен Беларусьтің келісімі қажет екенін ескертті.
«Ол үшін консенсус керек. Бәрі келісуі тиіс. Ал қазір Ресей мен Беларусьтің статистикасы жабық. Есептеу өте қиын. Біз де біраз ұсыныстарды енгіздік. Бүкіл деңгейде. Жоғары деңгейде, тіпті президенттер деңгейінде көтердік. Ол жұмысты әрине, жалғастырамыз. Бірақ қазір консенсусқа жету өте қиын, мүмкін емес деуге болады.
Біздің де өз есебіміз бар. Ол әдістемеге байланысты. Әрине, есеп болса Қазақстан пайда көреді. Қазір 6,955 пайыз. 7 пайыз деп есептеуге болмайды. Нақты айту керек. Жалпы айтқанда, кейбір әдістемелерде 7,3 пайыз қылып жібереді. Бұдан да көбірек болады. Кейбір әдістемелерде 7,5 пайыз болды. Бұл шотқа байланысты. Олардың да өз қарсы ұсыныстары бар, – дейді Жұманғарин.