АҚШ Қытайдан келетін тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізеді

1355
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wq27dnbsMohYTE5A7pduznOgtQHGc06WuKBruoJT.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан келетін барлық тауарларға 100 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл тарифтер қазіргі қолданыстағы баж салығынан бөлек есептеледі.

Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазып, Қытайдың “өте агрессивті сауда саясатын” сынға алды. Оның айтуынша, Қытай 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап экспортталатын өнімдердің басым бөлігіне және кейбір өндірілмейтін тауарларға да ауқымды экспорттық бақылау енгізуді жоспарлап отыр.

“Бұл халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған жағдай және басқа елдермен қарым-қатынастағы моральдық масқара”, – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар, Трамп стратегиялық маңызы бар бағдарламалық қамтамасыз етуге де экспорттық шектеу енгізілетінін айтты.

Мәлімдеме Қытайдың сирек кездесетін металдардың экспортына жаңа бақылау енгізгенінен кейін жасалды. Бұған жауап ретінде Трамп Қытай импортына “кең көлемді тарифтік шаралар” қолданатынын ескерткен еді.

Айта кетейік, Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин қазан айында Оңтүстік Кореяда өтетін АТЭС саммитінде кездеседі деп жоспарланған болатын. Алайда Трамп бұл кездесудің қажеті жоқ екенін айтса, Қытай тарапы ресми түрде растамаған.

Пікірлер