Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарына Ұлттық құрама сапында Жамбыл облысынан 13 спортшы қатысып, 11 медаль иеленген еді. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов жүлдегерлермен кездесіп, спортшыларға пәтер сертификаттарын табыстады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Еркін күрестен 2-орын иеленген Ғабит Есжанов пен Ғасыр Тұрғынбайға, дзюдодан 2-орын алған Анна Крамороваға 2 бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды. Ал таэквондодан 3-орын иеленген Олжас Рысжановқа, грек-рим күресінен 3-орын алған Асан Нұржанға, дзюдодан 3-орын алған Фериде Кара оглыға 1 бөлмелі пәтердің сертификаттары тапсырылды.
Сондай-ақ дзюдо, грек-рим, еркін күрестерінен және жеңіл атлетика мен жүзуден түрлі орындардан көрінген спортшылар Айдос Түгелбаев, Эвелина Егембердиева, Абзал Досжанов, Шыңғысхан Әлдибаев, Яна Сибирякова, Руслан Раимбеков, Софья Закутнаяға естелік сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар жаттықтырушылар Ерназар Қонысбаев (еркін күрестен), Александр Ан (таэквондо), Ринат Исмаилов (грек-рим күресі), Аскар Усубалиевке (жүзу) және спортшыларға Алғыс хаттар мен арнайы сертификаттар табысталды.
”Адырна” ұлттық порталы