Өзі қораш, әкесі момын, шешесі батыр – Бөгенбай, ал, алып тұлға көне ме – бұлай дегенге - ай?

10585
Adyrna.kz Telegram

Қадірлі Асан Тұрабаев, сіздің маған реніш білдірген жазбаңызға орай. Коментарийге сыймайтындықтан осы жерге жаздым.

Асеке, сізді өкпелету ойымда жоқ еді. Дегенмен, қазақтың бас сардары Бөгенбай батыр туралы мына әңгіме көңіліме мүлде қонбады. Соңғы отыз жылда Бөгенбай баһадүр туралы не айтылмай, не жазылмай жатыр. Оның халық жадындағы биік тұлғасы қасақана пәсейтіліп, ел тағдырын шешкен ұлы жорықтары мен ерен ерліктері біртіндеп жоққа шығарылуда. Өзін қойып, енді әкесіне, шешесіне ауыз сала бастадық. Оқимыз, қынжыламыз, қайтер дейсің, қояды ғой деп үндемейміз, үндемеген сайын Бөгенбайдың батыр болмысын қорлау бел алып, ие бермей үдеп барады.

Осы күнгі қазаққа Бөгенбай сонда не жазды?! Жазығы ұзақ ғұмырында ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп жүріп, ата жаумен ат шашасынан қан кеше жүріп шайқасып, қазақты қалмақ пен қытайдан қорғап, елді аман алып қалғаны ма?

Анығында, Шоқан Уәлиханов "Век рыцарство" деп атаған тұтас, жаппай жаугершілік заман – XVIII ғасырдың ұзына бойында Бөгенбайдан асқан батыр кемде кем. Мұның барлығы Бұқар, Үмбетей, Тәттіқара т.б жыраулардың жыры мен халық аңыздарында һәм архив деректерінде тізіліп тұр.

Мына Қалмықиядағы қалмақтар Бөгенбай десе әлі күнге дейін дір ете қалады. Қазақтың басқа батырын олар білмейді, тек қанжығалы Бөгенбай батыр ғана қалмақтың санасында асқан жауыз, жаналғыш бейнесінде дара қалып қойған. Осының өзі Бөгенбайдың батырлық болмысын аңғартып тұр емес пе?

Қалмақ заманынан кейін Бөгенбайға қарсы жойқын шабуыл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін екі жылдан соң – 1993 жылы басталды. Сол жылы Қазыбек бек Тауасарұлы дейтін бек жазды деген "Түп-тұқияннан өзіме шейін" дейтін бір дүдәмал кітап жарық көрді. Әуелі БАҚ-ындағы жарнамасы айлар бойы әлей жүрді. Дақпыртының күштілігі соншалық – нағыз тарихты енді оқимыз деп кәдімгідей қуанып әрі тағатсыз күтумен болдық. Сөйтіп ол күнге де жетіп, кітап дүкендеріне түскен бетте-ақ сатып ала сала, құныға бас қойдық. Бірақ көңіліміз бірден су сепкендей басылды. Өйткені шылғи өтірік, өңшең фантастика! Әсіресе өтіріктің қау көдедей ұйысқан қалың тұсына Бөгенбай батырға келгенде килігеміз. Қазыбек бек Тауасарұлының суреттеуінше, Бөгенбай қол тоқпақтай-ақ яғни бәкене бойлы, қортық біреу болып шығады. Тек асқан айлакер адам екен (Қу дегені ғой жұқалап)

Осының алдында екі жыл бұрын яғни 1991 жылы Ерейментауда Бөгенбай батырдың республикалық деңгейде мерекеленген 300 жылдық тойы болып, сол тойда сайын далада үлкен сахналық қойылым әзірленіп (режиссері Жақып Омаров), сахнаға Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының актері Қайрат Кемаловтың ("Қазақ Хандығы" фильмінде Керей ханның бейнесін сомдаған) астына есік пен төрдей ақбоз ат мініп, Бөгенбай бейнесінде шыққаны әлі есте. Сол жолы Бөгенбай батырдың ұрпақтары сандық түбінде ақ матаға ораулы жатқан Бөгенбай батырдың дулығасын ұзақ замандардан кейін алғаш алып шығып, бабамыздың бейнесін сомдап жатсың, ырым болсын деп Қайрат Кемаловқа кигізгеніне қалың ел куә. "Сонда бір қысылғаным-ай, – дейді Қайрат ағамыз: – Бөгенбай бабамыздың басы мұнша үлкен болар ма, тура қазан киіп алғандай болдым, дулыға көзіме түсіп, бетімді жауып кетті, –дейді. Ал Қайрат Кемаловтың ол кезде 1 метр 90 см жуық бойы, 120 келідей салмағы бар, 62 размерлі бас киім киетін еңсегей бойлы, жампоз шағы.
Бөгенбайдың басының үлкен екені Үмбетей жыраудың Абылайға естіртуінде де да айтылады:

..."Ай, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағы да-ай,
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай", – деп толғайды Үмбетей жырау.

Осындай алып тұлғалы ер Бөгенбайды "Қолтоқпақтай-ақ адам екен" деп менсінбейді Қазыбек бек Тауасарұлы деген тарихшы батыр. Күлесіз бе, жылайсыз ба?

Енді сіздің жария қылғандарыңызға келейік. Сіздің жазбаңызда Бөгенбайдың әкесі момын, жуас, 49-ға келгенше қатын ала алмаған, Жалаңсойыл деген байдың жылқышысы болған, ақыры керей мен уақтың жақсылары 25 жасқа дейін күйеуге өтпей отырып қалған кәрі қыз – Боралдайға қосып, екеуінен Бөгенбай туады делінеді. Бөгенбайдың тууы да қызық – шешесі Бөгенбайға екіқабат кезінде аю соғып, ол аюды бөгеп соққан еді деп, осынау оқиғадан кейін дүниеге келген балаға Бөгенбай деп ат қояды. Коментарийімде жазғандай ең шылғи өтірік осы жерде..

Себебі Бөгенбай батыр нешеме заман Қазақ Ордасының қорғаны болған ұлы әскери әулеттен. Оның атасы – Әлдекүн баһадүр Есім ханның бас сардары болған өз заманының айтулы ері. Ал өз әкесі Ақша батыр болса '– Тәуке хан заманында қазақ қолының бас сардары болып, соңынан 80 мың жасақ ерткен қас баһадүрдің нақ өзі. Ал енді айтыңызшы құдайшылығын, соңынан 80 мың қол ерткен бас сардар қалайша 49 жасына дейін қатын ала алмай жүреді. Жалпы қатын ала алмаған еркек жау ала, ала ма, қыздың қойнына кіре алмаған босбелбеу жігіт батылы жетіп жаудың ішіне кіре ала ма? Тіпті біздің уақытымызда, кешегі 70-80 жылдары әскерге бармаған жігітке қыз тимеуші еді ғой қорсынып. Бұл тамаша "дәстүр" де жойылды қазір.

Екінші бір қисынсыз дүние – Бөгенбайдың шешесінің Боралдай аталуы және оның аю соққан алыптығы. Біріншіден, Боралдай таза қалмақ сөзі. Қазақ баласы қызы түгілі ұлына мұндай есім қоймаған. Оның айқын айғағы, қазақ шежіресінде Боралдай деген кісі есімі жоқ. Ал Бөгенбайдың шешесі сіз жазғандай алып адам болмаған. Халық аңыздарында Бөгенбайдың шешесі керісінше, кішкене адам болған. Тіпті мұны:

Уа, Алатаудай Ақшадан,
Асып тудың Бөгенбай!
Болмашыдай анадан,
Болат тудың Бөгенбай! –
деп замандасы Үмбетей жырау да айтады.

Сіз жазғандай момын, 49-ға дейін үйлене алмаған бос белбеу емес, Бөгенбайдың әкесі – Ақша батыр Алатаудай ер де, ал анасы болмашыдай ғана яғни шүйкедей кішкене кісі екен. Сонау жылдары бір тарихшының Болмашы – Бөгенбайдың шешесінің аты деп жазғанын оқып қалып едім. Қазақтың осы күнгі ғалымдары ғылыми деректі топшылау түгілі мәтінді сезінуден қалып барады. Үмбетей жыраудың бұл жерде шешесінің тұрымтайдай шағындығын айтып тұрғандығында шаруасы жоқ, батырдың шешесінің аты – Болмашы деген әйел еді деп қойып қалады.

Енді Бөгенбайдың есімі жөнінде. Барлық аңыз әңгімелерде Бөгенбай батырдың Сырдарияға жақын Бөген өзенін бойында дүниеге келгендігі, сол себепті Бөгенбай аталғаны айтылады. Ал бұл өңір Бетпақтың шөліне жақын, мұндай жерде қайдағы аю.
Мені қынжылтатыны, осындай қисынсыз әңгімелер. Әйтпесе, сізде бес бересі, алты аласым жоқ, Асеке!

Ерлан Төлеутай ,

Facebook парақшасынан

Пікірлер