Біздің басты міндетіміз — жастарды жан-жақты қолдау

4792
Adyrna.kz Telegram

Биыл «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық партиясы жанынан жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес құрылған болатын. Қазір бұл кеңес облыста жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын, жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларының шешілуін, жастар кәсіпкерлігін дамыту және оларды жұмысқа орналастыру мәселелерін қадағалап, қарқынды жұмыстар жүргізуде. Осы орайда біз аталған қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт Молдагереевамен әңгімелескен едік.  

— Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің міндеттері туралы айтып берсеңіз.

— Биылғы жылдың басында өткен еліміздегі үлкен саяси науқаннан кейін «Nur Otan» партиясы халық алдында берген уәдесін орындауға белдім бекем буды.  «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір»  атты сайлауалды бағдарламасындағы 2025 жылға дейінгі межеленген  міндеттерінің орындалуы барысын партия бүгінде қатаң қадағалауды мықтап қолға алды. Осы мақсатта партия жанынан түрлі бағыттар бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, олардың құзіреттіліктерін арттырды. Олардың қатарында жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес те бар.

Мұндай кеңес партия жанынан  республикалық және партияның аймақтық, аудандық филиалдары жанынан құрылды. Мен сол партияның Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңесінің төрағалығына сайландым. Айта кету керек, бұл — қоғамдық жұмыс. Кеңестің бірде-бір мүшесі партияның тарапынан жалақы алмайды. Яғни, аймақтық кеңестің 15 мүшесі болса, оларды барлығының да белгілі жұмыс орны бар, олар  кеңестің жұмысын қоғамдық негізде алып жүр. Себебі олар — елдің, одан қалды өңір мен аудандардың дамуына, халықты алаңдатқан мәселелерді осындай мүмкіндіктің нәтижесінде түйткілдердің шешімін табуға нақты іс жүзінде атсалысуға мүдделі азаматтар.

Кеңестің негізгі міндеттері — партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы мен мониторингін қамтамасыз етіп, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ету. Сонымен қатар, жастар саясаты саласына қатысты өзге де мәселелерді талқылап, жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылу тиімділігіне талдау жүргізеді. Осы бағытта қоғамдық кеңес көшпелі немесе онлайн режимде азаматтарды қабылдау өткізеді.

Жалпы партияның бағдарламасындағы нақты міндеттерді орындау мақсатында арнайы өңірдің жол картасы әзірленді. Өңірге қатысты өзекті мәселелер кезең-кезеңге бөлініп, шешімі табатын мерзімдері белгіленді.

Партияның жастарды қолдауға арналған арнайы бағдарламасы бар ма?

— Әрине, бар. Ол 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған. «Жастар — Отанға!» деп аталады.

Аталған бағдарламадағы және «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасындағы алдағы бес жылдыққа межеленген міндеттерін тиімді іске асыру мақсатында өңір жастарына арналған жол картасы да әзірленді.

Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес осы міндеттердің орындалуын қадағалайтын консультативтік-кеңесші орган ретінде мұның барлығын қадағалап, жергілікті атқарушы биліктен орындалуын бақылап отырады. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының кеңес қызметінің бағыттары шеңберінде партияның сайлауалды бағдарламасын және «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша есебін тыңдайды. Ұсынымдар әзірлеу үшін кеңес пен партияның аймақтық филиалдары жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестер мүшелерінің ұсыныстарын қарайды. Партияның аймақтық филиалдары жанындағы жастарды қолдау бойынша өңірлік қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіреді. Жұмыс топтарының қызметін ұйымдастырып,  жастар өкілдері тарапынан түскен өтініштер мен шағымдарды қарайды.  Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракцияларымен, партиялық бақылау комитетімен, мүдделі мемлекеттік органдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық және үкіметтік емес бірлестіктермен, жастар саясаты саласындағы сарапшылармен және өзге де заңды және жеке тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды.

Қоғамдық кеңестің жұмыс барысы туралы айтсаңыз. Қазіргі таңда өңірде жастарға қатысты қандай мәселелердің шешілуіне атсалысып жатырсыздар?

— Жыл басынан бері жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің екі отырысы өтті. Бірінші отырысында кеңес мүшелеріне кеңестің негізгі міндеттері, функциялары мен құрамы таныстырылды. Жылдық жұмыс жоспары талқыланып, 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген жол картасындағы бес бағытқа кеңес мүшелері бекітілді.

Екінші отырыстың күн тәртібінде жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешу жөніндегі өңірлік бағдарламаларын құру мәселесі қаралды.

Одан бөлек, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, Ақтөбе қаласындағы онға жуық жоғары оқу орны мен колледждің жанындағы студенттерге арналған жатақханалардың тұрмыс-тіршілігіне мониторинг жүргізді.

Партияның отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшелерімен және «Jas Otan» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалымен бірлесіп, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаладағы және аудан орталықтарындағы ашық құдықтарды, жарықтандырылмаған көшелерді мәселесін және жол қозғалыс қауіпсіздігін анықтау бағытында мониторинг жүргізілді. Жалпы «Jas Otan» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалымен қоян- қолтық көптеген ізгілікті істер атқарып келеміз. Мәселен, біз биыл бірнеше мәрте аудандарға жұмыс сапармен шығып, Шалқар, Темір, Алға аудандарын аралап, аудандық қоғамдық кеңестердің отырыстарына қатыстық. Аудан жастарын алаңдатқан мәселелерді талқыладық.

Алда жыл соңына дейін біз кеңес отырыстарында жастар арасындағы қылмысты азайту бойынша және жастардың денсаулығын жақсарту бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралардың орындалуы сынды көптеген өзекті мәселелерді қараймыз. Сондай-ақ кемінде 20 студенттік жатақхананың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын мониторингілеу, NEET санатындағы жастардың деректер базасын құрумен атаулы жұмыс жүргізу сынды істер атқаратын боламыз. Жалпы айтқанда алдағы уақытта біз жастардың игілігі үшін жұмыс істейміз.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер