Жасотандықтар көтерген жүк

2648
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша жасотандықтардың қатарында 2000-ға жуық жас бар. Жастар қанатының қатарындағы белсенді жастардың дені — қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері. Биыл партия жұмысын алға жылжытуда дәл осы жасотандықтар мен өңірлік кеңес көп жұмыс атқарды. Бұл жастар — жауапкершіліктің жүгін көтеріп, ел дамуы жолында үздіксіз жұмыс істеп жүрген жандар.

Қазіргі таңда өңірдегі әр ауданда «AMANAT» партиясының филиалы жанындағы жастар қанаты жұмыс істейді. Осы филиал жастарының қатысуымен, «Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен биыл жыл басынан бері 60-тан астам іс-шара өтті. Мәселен,  жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы «QAISAR» әскери патриоттық жобасы аясында мектептің жоғары класс оқушылары мен колледж студенттерін Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімдердегі сарбаздардың өмірлерімен таныстырды. «Ерлік сағаты» атауымен ҚР Ұлттық ұланның №6655 бөлімінің 1-ші зениттік взвод командирі, лейтенат Ұлан Мырзабайды жастармен кездестірді. Аталған жобаның аясында мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында әскери патриоттық ойындар ұйымдастырылып, өңірдегі іріктеу кезеңінен жеңіске жеткен команда Нұр-сұлтан қаласында өткен республикалық жарысқа қатысты.

Көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету үшін еріктілер штабын құрып, қиын жағдайда қалған отбасыларға көмекке қол созды. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күнін жастар арасында ауқымды түрде тойлауға бастама көтеріп, қаладағы орталық стадион маңындағы Арбат алаңында «Жастар ауылы» атауымен ұлыстың ұлы күнін тойлады. Облыстық жастар ресурстық орталығымен және ақтөбелік белсенді жастардың басы қосылып, тойланған ұлыстың ұлы күні мерекесінде қазақ халқының ұлттық құндылықтары мейлінше насихатталды.

— «Игі істер» қайырымдылық акциясы аясында облыстық «Нұр ғасыр» мешітімен, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығымен, облыстық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп 120 отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізіп бердік. Осы акцияның аясында бір күндік тегін такси қызметі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жасотандықтар «Үміт» балалар үйіндегі тәрбиенушілерге ерекше көңіл күй сыйлап, оларға сыйлықтар таратты, — дейді «Jas Otan» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ануар Искарин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері студенттерге арналған жатақханалардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларына мониторинг жүргізіп келеді. Соның арқасында облыста жатақханалар мәселесі шешілуде. Сондай-ақ биыл қала жастары «Таза like» партиялық жобасы аясында сенбілік жұмыстарына және ағаш көшеттерін отырғызу шараларына белсене атсалысты.  Жылдағы үрдіс бойынша Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жасотандықтар қаладағы батырлар құрметіне орнатылған ескерткіштерге де тазалық жұмыстарын жүргізді.

— «AMANAT» партиясының кубогіне арналған ХХ республикалық пікірсайыс турнирінің облыстық іріктеу кезеңін өткізіп, өңір намысын қорғау үшін ресупбликалық турнирге команда жолдады. Нәтижесінде Ақтөбе облысы атынан қатысқан «АПО» дебат командасы жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты, — дейді ол.

Қазіргі таңда аудан және ауыл жастарымен байланыс орнату мақсатында «Jas Otan» жастар қанаты жаңа жоба әзірлеп жатыр. Жобаның атауы – «Өрлеу». Бұл жоба аясында арнайы менторлар ауыл жастарымен байланыс орнатып, оларды жан-жақты қолдау мақсатында елді мекендерді аралайтын болады. Қазіргі таңда аталған жобаның тұжырымдамасы бекітіліп жатыр.

— Жастарға өз мәселелерін мінберге шығып көтерулеріне, оның шешілуін бақылауға мүмкіндіктер беріліп отыр. «AMANAT» партиясы бұл істі өткен жылы сайлау науқаны аяқталысымен қолға алған болатын. Партия әр сала бойынша құрған қоғамдық кеңестердің қатарында Жастарды қолдау жөніндегі кеңесінің құрылуына аса мән берді. Бүгінде бұл кеңес мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге,  жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал етіп, жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылу тиімділігіне талдау жүргізіп,  жастар саясаты саласына қатысты өзге де мәселелерді талқылайды, — дейді Ануар Искарин.

Ал «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт Молдагерееваның айтуынша, өткен жылы кеңестің бірқатар отырыстарында өңір жастарына қатысты мәселелер қаралып, жастардың игілігі үшін орындалуға тиіс міндеттерді бақылауға алды. Нәтижесінде, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы мен «Жастар – Отанға!» бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында әзіренген аймақтың Жол картасындағы межеленген міндеттер уақытында әрі толық орындалды.

— Биылғы жыл басталғаннан бері аталған кеңестің екі отырысы өтті. Құрамында 15 мүшесі бар аймақтық кеңес бұл жолы жастар арасындағы қылмысты азайту бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралар және 14-29 жасқа дейінгі 80 мыңнан астам жастарды қамти отырып, құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыру жөніндегі жобаларды іске асыру жолымен жастар арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету, жастардың денсаулығын жақсарту бойынша қабылданып жатқан кешенді шаралар,14-29 жастағы әйелдер арасында түсік жасатуды азайту, С.Бәйішев атындағы университет жанындағы жатақхананың құрылысы, үш ауысымды мектептер санын азайту, он алты мектептің құрылысы, жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларын шешу жөніндегі өңірлік бағдарламаларды құру мәселелерін қарады, — дейді Б.Молдагереева.

Оның айтуынша, жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес, кеңестің отырысы ай сайын өтіп, онда жастарға қатысты мәселелер қаралатын болады. Одан бөлек, Ақтөбе өңірі бойынша NEET санатындағы жастардың деректер базасын құру, ауыл жастарымен кездесу, кемінде 20 студенттік жатақхананың  әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын мониторингілеу, 14 жастан 29 жасқа дейінгі 80 мыңнан астам жастарды қамти отырып, құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыру жөніндегі жобаларды іске асыру жолымен жастар арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету сынды өзге де мәселелер төңірегінде міндеттер межеленіп отыр.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер