Біздің кеште сахнаға кәдімгі студенттер шығады – «Құс жолы»

3036
Adyrna.kz Telegram
Фото: Adyrna.kz
Фото: Adyrna.kz

Алматылық жастар арасында өз аудиториясын қалыптастырған бірлестіктің негізін құраушы Арайлым Өтегенқызымен «Адырна» тілшісі тілдесті.

Бүгінде жастар арасында театрға, әдеби кештерге барып, рухани азық алу әдетке айналған. Осы тұста әдебиет әлеміне ғашық жандар тың идеяларды жүзеге асырып, түрлі әдеби кештерді де ұйымдастырып келеді.  Әдебиеттегі жаңа көзқарас арқылы ғасырға жуық тарихы бар туындыларға жаңа дем беріп, көрерменнің көзайымына айналғандар да қаншама. Соның бірі – «Құс жолы» бірлестігі.

– «Құс жолы» бірлестігі немен айналысады?

– «Құс жолы» — өлең мен өнерге ғашық шығармашыл жастардың ортасы.  2021 жылы досым Қахар Бақытжан екеуміз әлеуметтік желілерде жанымызда жүрген ақын достарымыздың поэзиясын, жас қаламгерлердің шығармашылығын көпшілікке таныстыру мақсатында әлеуметтік желілерде бірлестік жұмысын бастадық. Содан кейін қатарымыз көбейіп, шығармашылық кештер ұйымдастыра бастадық.

– «Құс жолында» болатын кештердің ерекшелігі неде?

– Біздің әдеби кештердің ерекшелігі — жәй ғана өлең оқып, ән айту емес, көрерменге театрланған мюзиклді қойылым ретінде ұсынып, диалогтер арасында ән мен өлеңдерді таныстыру. Бұйырса, бесінші кешіміздің сценарийін дайындап жатырмыз.

– Әр кешті ұйымдастыруда өнерсүйер тұлғалардан қандай да бір қолдау болады ма?

– Кештерді өз күшімізбен ұйымдастырамыз, тек соңғы кешімізде қолдау білдіріп, демеушілік танытқан жандар болды. Оның ішінде Ғани Майлыбаевтан көмек сұрадық, бізге дыбыс және жарық жағынан көмек көрсетті. Алдағы уақытта қайырымдылық шарасын өткізіп, өз оқырмандарымыз, әдебиетті біздей сүйетін жандармен жиналып, кішігірім өлең оқу кештерін өткізіп, өзге әдеби бірлестіктермен коллаб жасау жоспарымызда бар.

«Құс жолының» бір кешіне кіру құны қанша? Билет бағасы жастарға қолжетімді ме?

- Билеттерді біз өзіміз сатамыз. Ол билеттен жиналған қаражатты реквизиттер, кеш өтетін залдың ақысы, киімдер, аппаратура деген сынды заттарға жұмсаймыз. «Кездесу мен қоштасу» Ozgeepic өнер кеңістігін, «Сен келерсің», «Бақыт құшағында» кештерін түрлі ғимараттардың  залдарын жалға алып өткіздік. Алғашқы тойымыз толықтай тегін өтті. Ал одан кейінгі кештерге бір билеттің құны 1000-2000 теңге аралығында болды.

Сахнада өнер көрсететін әртістер кімдер? Өлең мен қара сөзге құштар жанды қайдан табасыздар?

Біздегі тағы бір ерекшелік — кештеріміздегі «әртістердің» ешқайсысы да кәсіби актер-әншілер емес, кәдімгі студенттер, көбі сахнаға алғаш шығатындар. Яғни әр кешімізде біз әртүрлі адамдарды шығармашылыққа шабыттандырғымыз келеді, сол себепті көріністерімізде тұрақты қатып қалған құрам жоқ.

Демек, көрініске қатысуға ниет білдіріп, өнерлі жастарды қолдауға дайынсыздар ма? Бірлестік қандай бағытты ұстанады?

Иә, дегенмен, барлығын бірдей емес, икемі бар, жауапкершілігі бар, талпынысы бар, өзіміз секілді осы дүниені сүйетін болса деген ниетіміз бар. Сондай-ақ көрерменге ұсынатын дүние болғандықтан, біз ұсынған рөлді алып шыға алатын жандар жанымызда болса дейміз. Біз ешкімге ақы төлемейміз, өзіміз де коммерциялық мақсатта емес, тек өнер мен өлеңге деген сүйіспеншілік жолында жұмыс істейміз. Сондықтан біздің жанымызда да расында әдебиетті таныту мақсатын көздеген, көзқарастары біздікімен ортақ адамдар жүр.

Жалға алынған залды толтыру қиынға соқпайды ма? Көрерменді қалай жинайсыздар?

Біздегі оқырмандар саны аз болғанмен, кештерімізде зал толы болады. Біз де адам жинауда қобалжимыз, қорқамыз, бірақ соған қарамастан, жоспарлағанымыздай қызығушылар саны үнеміжиналады, залымыз толы болады. «Кездесу мен қоштасу» — 50, «Сен келерсің» — 120, «Бақыт құшағында» — 150 адамға дайындадық. Соңғы кешімізде үлкен зал алып, 300 көрермен жинадық. Әр кештен соң да көптен жылы лебіздерін жазып кетеді.

Бірлестікке шығармашылық табыс тілейміз!

Cымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер