Қазақ өркениетін зерделеген ғалым

4837
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік мүддені көздеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда елеулі еңбектерімен ел мәдениеті мен тарихына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ғалымдарымыз аз емес. Сондай тұлғаларымыздың қатарында Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Еренғайып Сәлипұлы Омаровтың есімінің ерекше аталынуының өзіндік себебі де жоқ емес.

Шынында Еренғайып Сәліпұлының аты аталғанда Қазақстан тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш Қайнар университетін ашқаны және Қазақ өркениеті мен тарихы институтын құрғаны еске түседі. Еліміздің жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың дамуына бірдей қомақты үлес қосып келе жатқан ғалымның шығармашылық шеңбері кең, таңдаған салалары сан алуан болып келетінін ғылыми орта жақсы біледі. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі екендігі, атомдық және молекулалық физика мәселелеріне арналған монографиялық еңбектер жариялап, диссертация қорғағаны өз алдына бір әңгіме.

Бүгінгі бұл мақалада академик Е.Омаровтың нақты ғылымдардан өзге, қоғамдық-гуманитарлық, оның ішінде тарих ғылымы бойынша терең ізденістер нәтижесінде қол жеткізген зерттеулері сөз болмақ. Атап айтқанда, қазақ өркениетінің әлем өркениетіндегі бір көрінісі ретінде алатын орнын айқындау үшін мол материалдар негізінде жинақталған дәлелдері мен дәйектері, ұстанатын ұстанымдары баяндалатын болады. Реті келгенде айта кететін нәрсе, ғалым «Ғұмыр бойы оқу» заманауи трендтер қағидасына сүйене отырып, тарих мамандығы бойынша магистратура тәмамдап, PhD ғылым докторы (Германия) атағын алуының өзі діттеген мақсатына жету үшін аянбай еңбек етудің үлгісін көрсетсе керек.

Ол 1997 жылы Қайнар университетінің жанынан Қазақ өркениеті мен тарихы институтын ашып, қазақ өркениетін зерделеудегі қадау-қадау қадамдарды, еліміздің рухани дамуындағы қолға алынар зерттеулерді зерделеуде атқарылар іс-шара бойынша жоспар әзірлеп, оның іске асыру тетіктерін тиянақтайды. Атап айтқанда, институт қызметінің мақсаты қа­зақ өркениетінің өзіндік ерекшеліктері мен оның көшпенді, қытай, ис­лам, еуропа сиякты басқа әлемдік өркениеттермен диалогының ерекшеліктерін анықтау болып айқындалады. «Өркениет» ұғымының негізі ретінде оның француз тіліндегі лингвистикалык мағынасы алынады. Осы мағына ел мен оны мекендейтін этностардың мәдениеті мен өркениеттік аспектілерін жан-жақты зерттеуді меңзейді. Оған Орталық Азия мен Қазақстан географиясын, тарихын (тарихнама және деректану), қазақ тарихын, қа­зақ философиясын, филологиясын, мәдениетін, дін таралуын, қазақ мен­талитеті мен этнопсихологиясын зер­ттеу сияқты мағыналар сыйғызылады. Институт міндеті — қазақ өркениетінің қалыптасу мәселелері, оның көнедегі, орта замандағы, жаңа замандағы даму процестері мен қазіргі кездегі ахуалын айқындауға жол ашады. Көздеген мақсат пен міндеттерді орындау барысында, тарихи процесс дегеніміз бүтін бірқатар өркениеттер ауысымы, ал өркениет дегеніміз қандай да бір елдер, халықтар, этностар тобының белгілі бір даму кезеңіндегі материалдық, рухани, әлеуметтік өмірінің сапалық ерекшелігі деген ғылыми көзқарасты заңды деп қарастыру көзделеді.

Институт жанында «Қазақ цивилизациясының қайнар көзі» атты теориялық-әдістемелік семинар да Еренғайып Сәліпұлының жетекшілігімен өткізілген болатын. Бұнда Қазақстан жеріндегі этностардың, әсіресе қазақтардың тарихы, философиясы, филологиясы, мәдениеті, діні, олардың өркениеттік аспектілері жүйелі түрде зерттеледі. Семинарға қатысушылар қазақ менталитеті, қазақ этнопсихологиясының қалыптасуы мен генезисі сынды маңызды мәселелерге аса көңіл бөледі. Осы тақырыптағы бірқатар пікірталастық жүмыстар академик  Е.Омаровтың бастамасымен жарық көрген «Қазақ цивилизациясы» журналының беттерінде жарық көруге үсынылады. Академиктің жетекшілігімен өткізілген кешенді археологиялық экспедиция ба­рысында біраз құнды артефактілер табылып, олардың археологиялық жәдігерлер негізінде Университет жанынан қазақ көнекөздерінің кішігірім мұражайы құрылуына себепші болады.


Университетте тұрақты түрде өткізілетін көптеген халыкаралық конференцияларда, оның ішінде екі жылда бір өтетін «Өркениеттер форумы», «дөңгелек үстелдер», семинарлар мен конференцияларда қазақ өркениеті тақырыбы терең талқыланатын пікір алмасатын ғылыми орталықтарға айналғанын айта кетсек, артық болмас. Университет ғалымдары Қазақстандағы және шетелдегі ірі ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми шараларына белсенді араласуының арқасында қазақ өркениетінің институтының танымалдылығы арта түсті.

Франциядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің араласуымен Е.Омаровтың өтініші бойынша 1998 жылы Нанси, Гавр және Париж қалаларындағы университеттер бойынша турне ұйымдастырылды. Ғылыми тұрғыдан Гавр мен Нанси калаларындағы Universite du Havre халықаралық қатынастар факультетінің басшыларымен кездесу тиімді нәтиже берді. Факультет деканы Гавр Қазақ өркениеті жайлы лекциялар курсын ұйымдастыруға көмек көрсетуді сұрады.  Е.Омаров осы курстарды дайындау арқылы алғаш рет жаңа ғылыми бағыт ретінде Қазақ өркениетінің әдіснамалық және теориялык негізін баяндады. Бұған дейін әлемдік ғылымда бұл мәселе терең қарастырылмағанын және проблема ретінде қойылмағанын тілге тиек етсек болады.

Соңғы кезде  Е.С.Омаров Қазақстанның көне тарихы мен қазақ еркениетін ғылыми тұрғыда зерттеуге ерекше көңіл бөліп жүр. Зерттеулер нәтижесі бо­йынша ол 2001 жылдың 16—18 шілде күндері Австралияда ғаламдық өркениет туралы Бірінші Халықаралық Конгресте баяндама жасады. Ғалымның бұл баяңдамасын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жоғары бағалады. Сондай-ақ 2001 жылы  ол Сорбонн Париж-2 және ФАКО университеттері студенттері алдында «Қазақ өркениеті» тақырыбына баяндама жасап, жалпы өркениеттегі қазақ өркениетінің алатын орнын айқындап берді.

Орайы келгенде оқырмандарға мына бір оқиғаны айта кентенді жөн көрдік. Академик Е. Омаров 1998 жылы Нанси каласына сапарында жолда шағын Ла-Чеп-пе калашығындағы Аттиланың лагері орналасқан тарихи мекенде болады. Лагердің орналасқан жері Францияның автомобиль жолы картасында көрсетілген және мемлекет тарапынан күзетіледі. 2007 жылы ғалым бұл жер-де екі рет болды және «АUTOUR DU CAMP D’ATTILA» атты Аттила Ассоциациясының 120-шы мүшесі болып, ассоциацияның штаб-пәтерінде қазақ өркениетінің қалыптасуы туралы пікір алысу өткізілді.

Е.Омаров осы сапарында ассоци­ация Президенті Ріегге RАВІЕТ-пен кездескенде, оның Франция мәдениет министрлігінің гранттық қаржысына мұражай салынып жатқандығы туралы айтқан ақпаратынан кейін делегация өз тарапынан құрылыс жұмысының аяқталуына қаржылай көмек көрсететін мәлімдейді. Ғалымның осы мұражайда 2009 жылы 3 рет болып, мұражайға қымбат экспонаттар сыйға тартуының өзін отаншылдықтың, ұлттық құндылыққа деген құрметтің көрсеткіші ретінде бағалауға болады. Экспонаттарды сыйға тарту рәсіміне Ла-Чеппе қаласының мэрі Марсел Боннет, Франциядағы ҚР Елшілігінің қызметкері Н.Тұяқбаев, ассоциацияның жаңа президенті Жан Пьер Попеле (РОРЕLЕR), жергілікті баспасөз тілшілері, мұражай қызметкерлері, ассоциация мүшелері және т.б. қатысады. Бұл шара туралы хабарлар жергілікті баспасөз беттерінде жарияланды. Осы шаралармен қатар Ат­тила лагері туралы ақпараттарды қамтыған Аттила туралы кітап жазылды. Кітап 2006 жылы Алматыда жарық көрді жөне сол жылы Франкфурт қаласында өткен халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысқаны тек қазақстандықтардың ғана емес, әлемдік оқырмандардың ақпараттанғанын көрсетсе керек.

Француз режиссері, доктор Катрин Пей (Саtherine  Реіх) Алматыдағы алманың Маlus sіеуегsі жабайы сорты туралы ғылыми-танымдық фильм түсірді. Қайнар университеті және Е.С. Омаровтың жеке өз басы оларға кино түсіруде және сценарийді талдауда көмек көрсетті. Фильм 2010 жылы түсіріліп бітті, Парижде тұсаукесері өтті. 2010 жылы Францияда Катрин Пейдің белсене қатысуымен «Алма» ассоциациясы құрылды (Саtherine  Реіх-Ргеsіdente dе  I’Association  Аlma), бұл ассоциацияға Е.Омаров шетелдік мүше ретінде тіркелген. Қазіргі уақытта Е.Омаровтың Катрин Пей ханыммен бірге Аттила және Өркениеттер туралы өзге де деректі фильмдер түсіру ойы бар.

Сондай-ақ, Лиссабон географиялық қоғамның көмегі арқылы қоғам мұрағатынан Ежелгі Қазақстан территориясы белгіленген көне карталар табылды. Ал ең бір тамаша жаңалықтар Лиссабонаның орталық археологиялық мұражайында тұрған балбал тастар болды. Бұл балбалдар Еуразияның барлық аймақтарында кездесетін балбалдардан аумайды. Бұл сәулет үлгілерінде бейнеленген адамдар түр-тұлғасы айқын жөне азиаттарға ұқсайды, ал киімдеріндегі орнаменттер дәл қазақтікі. Орнаменттерде қазақ оюлары мен киіз үй керегелері бейнеленген.Бұл сәулет үлгілерін олар  б.д. 1-2 ғасырға тиесілі дейді және Португалияның солтүстігінен табылған. Бұл ұйымның қызметкерлері Луис Айрес Варрос және хатшы Анил Самарт ғалым Е.С. Омаровпен ортақ ғылыми ізденістерін жалғастыруды жоспарлауда.

Анил Самарт пен Е.Омаровтың ортақ жұмыстардың нәтижесінде «Ертедегі үнді-сақ мәдени-өркениеттік ықпалдастық» деген шартты атауы бар кітабы баспаға дайындалу үстінде. Зерттеудің кейбір нәтижелері туралы мынаны айтуға болады. А.Са­март Будда пайғамбардың сақ, нақтырақ айтсақ, қассақ тайпасынан шыққандығы туралы болжам айтады. Кас­пий теңізін индустар өздерінің ата жұрты деп санайды, олардың көне тілінде ол «Сүтті теңіз» деп аталады, яғни, бейнелі түрде айтқанда — ана сүті. Тілдегі, мінездегі көптеген сәйкестіктерді айтпағанда тарихи тұрғыдан алғанда моғолдар мен ақ ғұндардың басым бөлігі солтүстік Үндістанға көшіп келген.

Профессор Омаров Е.С.  бірнеше жыл қатарынан жаһаңдық өркениет мәселелеріне байланысты халықаралық жобаға атсалысып, Сидней (Австралия) мен Нью-Йорктегі (США) конференцияларға қатысты.

ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясының Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық АзияИнститутымен (Пекин); ҚХР қазіргі заманғы халықаралық қатынастар Академиясымен (Пекин); Шанхай қоғамдық ғылымдар акакдемиясының Шанхай ынтымақтастық ұйымы Орталығымен (Шанхай); ҚХР Қоғамдық  ғылымдар  академиясының шекаралық аймақтардың тарихы мен географиясы ғылыми-зерттеу Орталығымен; Украи­на Ұлттық ғылым академиясының философия және Крымский атындағы шығыстану институттарымен (Киев); Чэнчи университетінің Ресей институтымен (Тайвань); Стокгольм университетінің Азия-Тынық мұхит зерттеулер институтымен; Уппсала университетімен (Швеция) ынтымақтастық қатынастар орнатуының негізінде ұзақ мерзімді ғылыми жобадарды қолға алу мүмкіндігі туып отыр.

2010 жылдың тамыз айында оның басқаруымен университет ғалымдары ҚХР ШҰАР ҚҒА шақыруымен қытай және шетел ғалымдары тобымен бірге Ұлы Жібек Жолының солтүстік бөлігімен жүріп отырып, Үрімші—Қорла—Қарашар—Ақсу—Қашгар қалаларын аралап шықты. Осы ғылыми-практикалық экспедиция барысында Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Аппақ Қожа, Сатүқ Боғра хан, Моғолстан әміршісі Тоғлұк Темір сияқты түркі әлемінің ұлы қайраткерлерінің кесенелеріне тағзым етіліп, тарихи тағылымдарына назар аударылды.

Е.Омаров тарихшы ретінде Ұлы жібек жолын басынан аяғына дейін жүріп өту мақсатын алдына қойған еді. Ол Түркияның Ыстамбул қаласынан бастап Қытай мемлекетінің астанасына дейінгі аралықты толықтай жүріп өтіпті. Кейбір жерлерін жаяу, көпшілігін әрине көлікпен жүріп өтуге тура келген. Бұл босқа аралау емес еді, Ол сол елдердің өркениетін және мөдениетін қоса зерттей жүрді. Қызықты да дәйекті  фактілерді жолықтырды. Мысалы, Қашқарияның Қотан қаласында Шоқан Уәлихановтың ұрпақтары бар екен. Шоқан мұнда аз уақыт болса да жергілікті бір келіншекпен уақытша отбасын құрып тұрғаны тарихи шындық. Сол кісі Шоқанға шынымен ғашық бол­ған екен және балалы болып ұрпағын сақтап қалған. Енді сол ұрпақ өсіп өніп, әлі күнге дейін біз қазақпыз дейді екен. Шоқанның асыл белдігін әлі де жанұялары көздің қарашығындай сақтап келеді деседі. Рас па, өтірік пе анық қанығы белгісіз, бірақ кім білсін!?  Ерекеңе сол жақтың қазақтары әңгімелеп берген көрінеді.

Е.Омаровтың осындай жемісті ғылыми ізденістерін ескеріп,  Португалияның астанасы Лиссабон қаласындағы географиялық қоғамы ғалымды  толық мүшелікке қабылдады. Ғалым сондай-ақ, тағы бір қызық жайтқа сонда Португалиядағы археология музейінде кезіккен. Лиссабонның солтүстігінде адамның бейнесінде жасалған құлпы тастар табылған екен. Адамның бойындай жасалған балбал тастардың түрі азиаттық сипатта, тіпті қазақ сияқты, үстерінде кигендері шапан. Ол аз болғандай шапандарында кереге мен қазақтың қошқар мүйізіне ұқсайтын оюлары көрсетілген. «Шамамен І-ІІІ ғасырларда жасалған,  және көп табылған екен. Сонда олар ол жаққа қалай барған, кемемен бар­ды ма екен!? Не де болса ғұндарға дейін барған болып тұр ғой» деп топшалайды Еренғайып Сәлипұлы.

Ғалымның зор ізденістерінің нәтижесінде әр жылдары алыс-жақын шетелдерде жарық көрген «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы», «Қазақ өркениеті»; «Аттила. Өркениеттік рөлі»; «Тһе Каzакһ Сivilization and  Ніstогу»; «Портреттер: Геродоттан Гумбольдтқа дейін сырттай көзқарас» (тел автор) сынды еңбектері қазақ өркениетін зерделеуге арналған құнды еңбектер қатарында бағаланғанын көпшілік жақсы біледі.

Аталған еңбектерінде «Қазақ өркениеті» атты жаңа ғылыми бағыттың қалыптасуы мен дамуы туралы өзіндік, ғылымға сүйенген оқшау ойларымен бөліседі. «Қазақ өркениеті» концепциясын ұсынған ғалым ретінде танымалдылығы артып келеді. Қазақтарда көшпенділікпен қатар өзендік өркениет болғандығын, ертедегі қазақтардың кеме жасағандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Қазақ өркениетінің - көшпенділік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік, дала өркениеттері болып бөлінетіндігі туралы тұшымды тұжырым жасаған.

Сондай-ақ, Ерекеңнің «Қазақ өркениетінің негізі» және «Аттила және өркениет» атты монографиялық еңбектері жуық арада жарық көрмек.  Ғалым    100-ден    астам    мақалалардың    авторы,    оның    бір    бөлігі    шетел  басылымдарында жарияланып, алыс-жақын шетелдердегі өркениеттанушы ғалымдардың оң пікіріне ие болғанын айта кеткеніміз абзал.

Иә, айта берсек, бір мақалада Ерекеңнің қазақ өркениетіндегі соны жаңалықтар, бір қарағанда адам сенгісіз болжамдар жасай алу шеберлігі туралы,  кез-келген ғалымның қолынан келе бермейтін көкейтесті мәселелерді көтере алатындығына толыққанды талдау жасау мүмкін емес.

Әлемдік өркениеттің бір көрінісі ретінде қазақ өркениетінің ғаламдық деңгейдегі орнын айқындау үшін әлемнің айтулы ғылыми қауымдастықтарының арасынан табылып, өз тұжырымын мойындатуға тырысып жүрген қайраткерлігін сөз еткіміз келген еді...

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақстан Ұлттық 
жаратылыстану ғылымдары  академиясының вице-президенті

 

Пікірлер