Сақалын сипаған сиқыршылар көбейіп кетті

10038
Adyrna.kz Telegram

“Петер Шлемильдің басынан өткен қызықты тарихы” атты оқуға тұрарлық, мәні бар кітап. Шамисонның бұл еңбегін түрлі бағытқа сай талдауға болады. 

Шамисонның бәріне ортақ «өмір» атты шаңырақты түрлі бағытқа, тапқа бөліп алған адамдардың көзқарасына сай кейіпкерлермен жаза білуі – шеберлік.

Шығармадағы сұр киген адам - сиқыршы. Сиқыршының басты міндеті – адамды алдау, арбау. Сендіру, сезіміне ерік беріп, эмоциясын шығару. Ал адамның ішкі жан дүниесіндегі тылсым күштерді қозғау – жынның іс-әрекеті. Сондықтан болар, сыншылар оны әзәзіл деп атағаны.

Адамның ең қымбат бөлігі – жан және ми. Егер, сіздің әлсіз тұсыңыз миыңызға бақылау жасап, жаныңызға иелік ете алмасаңыз, демек оны арбау оңай дүние. Жаман атаулыға бірден жолығасыз. Жә, ми мен жан бөлек әңгіме, көлеңке ше? Көлеңке біздің егізіміз ғой. Егізіңе иелік ету қолыңнан келмесе, оның да басқа құзырға өтіп кетуі жеңіл. Шамиссоның шығармасындағы басты кейіпкер де сиқырға алданып, көлеңкесін әзәзілге береді. Байлыққа көзі байланған қарапайым қала тұрғыны, «тұрғын» деген атауға да зар боп, өз ортасынан біржолата алшақтайды. Көлеңкесі жоқ адам болуы – қоғамның үрейін ұшырады. Қалыпты дүние...

Қысқаша мазмұн осы. Ал дәл осы шығарманың қазақы версиясы шықса оны қалай өрбітеміз? Мысал келтірейік.

Сұр киген адам – сақалы сапсиған, балағы қысқа, намазы өзге, ұлты жоқ, диструктивті ағымда адасып жүрген адам. Оның сиқыры, бір ауыз сөзімен-ақ қасына он адамды бірден жиып алуы. Өз ағымына тартуы. Ал ұсынатын дүниесі жұмыссыз ақша, еңбексіз мәшіне, сапасы жоқ саяхат. Саяхаты – соғыс. Тек алданған адамдар оны кеш түсінеді. Оңай ақшаға ұмтылған адамдар оңбайды. Діні, ұлты, ділі, тіпті өзі де құртылып кетеді. Сұр киген адам біздің қоғамда – сәләфит.

Петер Шлемиль сынды қарапайым азаматтарды қызықтыратын жұмыссыз жеміс, жеңіл жүріс, бірақ қыруар ақша. Әзәзілге алданып, бақытты күй кешем деулері миға қонбайды.

Бендель мен Минна біздің қоғамда да кездесетіні анық. Өйткені он адамның ішіндегі екеуінің санасы бар. Олар ойлану арқылы, оңай дүние жоқ екенін аңғарады да өздері жөніне кетеді. Оларға бастысы адам боп қалу. Адамның күйін кешу.

Шығарма happy end-пен аяқталды. Сұр адамға адасқан адамдар өз жолын адами тұрғыда қайтарды. Бізде де солай. Адасқандар түрлі экстремистік операциялар арқылы елге оралады. Қараңғы қапастағы өткен күндерінен сұхбат беріп, оң жолға түскендерін айтып, ақталып әлек. Жәннатты іздеп, байлыққа кенелеміз дегендердің барлығы – қара күйе.

PS: Мен оқыған әр дүниемнен қоғамдық дертті немесе қоғамдық қуанышты көріп, байланыстырғым келеді. Әлемде адасушылар мен арандатушылар өте көп. Олардың ұсынатын дүниесі – ақша, байлық. Бұл жерде әлеуметтік проблеманың да бары айқын. Тепе-теңдік жоқ қоғамда үнемі түзу жолда жүретін адамдардың бола бермейтіні де хақ. Сұр адамдар көп, алданбау санадан!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер